Павлодарда есірткі сатқан қашқын қылмыскер Ресейде табылды

Павлодарда есірткі сатқан қашқын қылмыскер Ресейде табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жылдар бойы сот үкімінен жалтарып, белгісіз жерде жасырынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы сот үкімін орындау мақсатында Ресей Федерациясынан сотталған Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Ол 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша Павлодар қаласында аса ірі көлемде есірткі заттарын сатқан.66 келі марихуана мен 8 келі гашишті одан әрі сату мақсатында тасымалдау барысында полиция қызметкерлерімен ұсталған. Алайда 2015 жылы ол сот үкімімен ақталды.

Кейін прокурордың наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылып, оған 10 жарым жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған. Сол уақыт ішінде аталған адам қылмыстық жазадан құтылу мақсатында соттан бой тасалап, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланып, 6 жылдан астам уақыт жасырынған. 

Өткен жылдың желтоқсанында іздеудегі адам Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, енді жоғарыда аталған жазасын өтеуі керек.