Павлодарда есептегі азаматтарды электронды білезікпен бақылайды

Павлодарда есептегі азаматтарды электронды білезікпен бақылайды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Құрылғылар белгіленген тәртіп бұзылған жағдайда полицияға дабыл жібереді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Азамат Күркебаевтың мәліметінше, ведомство иелігінде 50 электронды қадағалау құралы бар. Оның 30-ы профилактикалық есептегі адамдарға, ал қалған 20-сы үйқамақта отырған азаматтарға орнатылған.

GPS жүйесімен жабдықталған білезіктер адамның қай жерде жүргенін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік береді.

– Сот шешімімен кейбір азаматтарға сағат 22:00-ден кейін үйінен шығуға және алкогольдік ішімдік ішуге шектеу қойылады. Егер олар осы талаптарды орындамаса немесе білезікті өз бетінше шешіп, зақымдауға әрекеттенсе, жүйе жедел басқару орталығына дабыл сигналын жолдайды. Бұл туралы учаскелік полиция инспекторы да хабардар болады, – деді Азамат Күркебаев.

Басқарма басшысының айтуынша, цифрлық қадағалау әзірге тиімділігін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, электронды білезік тағылған профилактикалық есептегі 30 адамның ешқайсысы қайта құқық бұзбаған. Мұндай тәсіл қайталама қылмыстардың алдын алуға септігін тигізеді.

Айта кетейік, полиция департаменті биыл техникалық мүмкіндіктерді арттыру мақсатында тағы 50 электронды құрылғы сатып алуды көздеп отыр.