Павлодарда генералдар жас полицейлерге қызметке деген патриотизм жайлы сөз етті

Жиын қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан полицейлерді еске алумен басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Департамент басшылығы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев және ішкі істер органдарының ардагерлері гранит тұғырға гүл шоқтарын қойып, жиналғандар әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Слеттің ашылуында Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев жас қызметкерлерге жылы лебізін білдірді.
– Полиция органдарында тәлімгерлік ету жақсы тәрбие құралы болып табылады. Бүгінгі слет-кәсіби өзекті сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге, уақытпен қалыптасқан үздік дәстүрлерді насихаттауға қандай мән берілетіндігінің айқын дәлелі. Қызметке келген жас қызметкерлер өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты орындайтынына сенімдімін, – деді ол.
Слетке Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тәлімгерлер кеңесінің мүшесі, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төралқа төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков қатысты. Ол өз сөзінде полиция қызметіндегі патриотизм, адалдық, кәсіби жауапкершілік және азаматтық ұстанымның маңызын ерекше атап өтті.
Жиын барысында полиция бөлімдерінің бастықтары сөз сөйлеп, жас мамандарға бөлімшелердің міндеттері мен қызмет барысын түсіндірді. Олар полицейдің басты міндеті – мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғау, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін жеткізді.
Жас полицейлерге арналған бұл жиын олардың кәсіби дамуына, рухани тәрбиесіне және құқық қорғау саласының үздік дәстүрлерін жалғастыруға бағытталды.