Павлодарда кәсіпкерге құжатты кеш берген әкімдік қызметкері айыппұл арқалады
Кәсіпкер жер мәселелері бойынша Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, мәселені зерделеу барысында кәсіпкер 2022 жылғы 10 қарашада Павлодар қаласының жер қатынастары бөліміне Ломов көшесі, 201/6 мекенжайында орналасқан жер учаскесін алуға өтініш берілгені анықталды.
– Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқықтарды сатып алу сауда-саттықты өткізуді талап етпейді және үш жұмыс күні ішінде қаралады. Алайда, мемлекеттік орган өтінішті 102 жұмыс күн қараған, – дейді департаментте.
Нәтижесінде рұқсат құжатын беру мерзімін бұзғаны үшін жер қатынастары бөлім басшысына ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 465-бабының 3-бөлігіне сәйкес 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.