Павлодарда көлік жарыстарынан Қазақстан чемпионаты өтті
Аталмыш жарыста 40-тан астам қатысушы өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көлік жарысынан Қазақстан Кубогының бесінші кезеңі «Ритм РК» қоғамдық бірлестігің ұйымдастыруымен және Павлодар қаласының әкімдігі, ішкі саясат бөлімі, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қолдауымен өтті.
20 тамыз күні «Құлагер» ипподромында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 40-тан астам спортшы бақ таластырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыста бастысы – жылдамдық емес, көліктің тізгінінде отырған адамның кәсібилігі маңызды.
– Аталмыш жарыста Алматы, Астана, Екібастұз, Петропавл, Павлодар сынды қалалардың үздік спортшылары жиналды. Бұл жарыста көліктер уақытқа жарысады. Кім ең қысқа уақытта мәреге жетсе, сол үздік атанады. Өңірімізден 6 қатысушы бақ сынауда. Айта кетерлігі, жарыстағы ең жас қатысушы – Павлодардан, – дейді ұйымдастырушы, Time Attack негізін қалаушы Рустам Жалелов.
Оның айтуынша, бұл жарыстағы ең жас жүргізуші – павлодарлық Анатолий Кин. Жасы – он бесте. Оның кәсіби түрде көлік жарыстарында өнер көрсетіп жүргеніне екі жыл болған. Спортшының жасы кішкентай болғанымен, бірнеше жарыстың жеңімпазы мен жүлдегері атанған.
– Бұл жарысқа әкем екеуміз қатысамыз. Көліктерімізді толықтай дайындап үлгердік деп айта алмаймын. Бірақ жеңіске жетеміз деген үміттіміз. Мен ВАЗ-2102 көлігімен жарысамын, ал әкем ВАЗ-2107 көлігімен өнер көрсетеді, – дейді жас қатысушы Анатолий Кин.
Бұл жарыста өнер көрсететін ерекше спортшылардың бірі – Яна Пелениченко. Ол бүгінгі таңда тек қана ерлер жарысады деген қатып қалған стереотиптің жоққа шығарды. Бұл жарысқа спортшы Subaru Impreza STI көлігімен келген.
– Мен 15 жасымнан бастап көлік жарыстарына қатысып жүрмін. Жарыстада өнер көрсетіп жүргеніме 19 жыл болды. Павлодарға алғаш рет келуім емес. Бұған дейін қысқы ралли жарыстарына қатысуған келген болатынмын. Бұл жарысқа күнделікті қолданып жүрген көлігімді алып келдім, – дейді қатысушы Яна Пелениченко.
Жарыс көліктердің класстарына қарай бірнеше бөлімде өтті. SC2000 бөлімінде – Алексей Ерохин, SC3000 бөлімінде – Ерали Оспанов, SC4000 бөлімінде – Олег Воронков, GT PRO және UNLIM бөлімдерінде Петр Бородин үздік атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге демеушілерден арнайы сыйлықтар мен кубоктар табысталды.