Павлодарда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Павлодарда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Фото: Константин Шелков

Шараға екі мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қайта өңдеу және кооперация бөлімінің басшысы Ерғанат Әубәкірдің айтуынша, Республика күніне орай кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне облыстың тоғыз ауданынан өнім жеткізілді.

– Саудаға алты тонна шикі сүт (литрі – 250 теңге), 80 тонна картоп ( бір келісі – 120 теңге), 45 тонна басқа да көкөніс, 10 тонна сиыр еті, осыншама жылқы еті және бес тонна қой еті дайындалды, – деді ол. – Жаз мезгілінде картоп сату көлемі 40–50 тоннаны құраған, алайда биыл өнім жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылғандықтан, бұл көрсеткіш 80 тоннаға дейін өсті.

Оның айтуынша, «Jailau» базарында еліміздің басқа өңірлерінен келген тұрақты жалға алушылар да өз өнімдерін ұсынуда. Бұл сатып алушыларға кең таңдау мен әртүрлілік сыйлайды. Олардың қатарында Жамбыл және Қарағанды облыстарының өкілдері бар – олар күнбағыс және сары май, шұжық өнімдері мен басқа да тауарларды ұсынды.

– Таңдау өте кең, – деп күлді Тараз қаласындағы халал ет комбинатының сатушысы Мирлан Асамбаев. – Бағалар 600 теңгеден 6 мың теңгеге дейін. Біз барлық тұтынушыны ескереміз: әлеуметтік осал топтар мен зейнеткерлерге де бар, орташа және жоғары санатты өнімдер де бар.

Сөрелерде пісірілген, жартылай ысталған, шикі ысталған және кептірілген шұжықтар қойылған. Барлық ет – таңдаулы, сертификатталған, ал халал өнімдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сертификатына ие.

– Бізде сиыр еті, жылқы еті, бұғы еті, күркетауық және тауық еті бар, – деп түсіндірді Мирлан. – Бұғы етін өзіміздің марал және бұғы өсіретін шаруашылығымыздан аламыз.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жәрмеңкелер тек облыс орталығында ғана емес, Ақсу мен Екібастұз қалаларында, сондай-ақ Павлодар облысының барлық он ауданында өткізіледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері мамыр айының соңына дейін әр сенбі сайын жалғасады.