Павлодарда кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал тоқтатылды
Полиция бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқиғаға қатысқан барлық кәмелетке толмағандар анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
– Алдын ала мәлімет бойынша, 16 сәуір күні Павлодар қаласы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 40-үйдің ауласында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған. Полиция оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу шараларын жүргізуде. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Қылмыстық іс аясында ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі де қаралатын болады, - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары мұндай фактілерге «нөлдік төзбеушілік» қағидатын ұстанады. Азаматтарға қатысты кез келген агрессия немесе қорқыту әрекеттері қатаң түрде тоқтатылатынын еске салады.