Павлодарда мүлік салығын төлеу мен декларация мерзімі жақындады
Қарызға өсімпұл қазаннан бастап есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі биыл бірінші қазанда аяқталады. Павлодар облысында бүгінде 28 мыңнан астам тұрғын бұрынғы жылдар үшін есептелген төлемді әлі өтемеген. Жалпы берешек көлемі 42,7 миллион теңгені құрайды.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасы жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Расул Ахметуәлиевтің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 346,6 миллион теңге мүлік салығы есептелген. Бұл соманы 268 мыңнан астам азамат төлеуі тиіс. Қазіргі таңда бюджетке 97,9 миллион теңге ғана түскен.
– Бірінші қазанға дейін міндеттемені орындауға мүмкіндік бар. Ал екінші қазаннан бастап өсімпұл есептеліп, салық берешегі туралы хабарлама автоматты түрде қалыптастырылады. Егер қарыз өтелмесе, материалдар жеке сот орындаушысына жіберіледі. Бұдан бөлек, негізгі берешек пен өсімпұлға қоса атқарушылық іс жүргізу үшін қосымша 25 пайыз алым өндіріледі. Сондықтан төлемді соңғы күнге қалдырмаған жөн, – деді Расул Ахметуәлиев.
Төленетін соманы Kaspi, Halyk, Jusan және басқа банктердің мобильді қосымшаларындағы «Алдағы төлемдер» сервисі, e-Salyq Azamat қосымшасы, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайты, SalyqBot Telegram чат-боты, тұрғылықты жердегі мемлекеттік кірістер басқармасы немесе 1414 байланыс орталығы арқылы анықтап, бірден төлеуге болады.
Расул Ахметуәлиевтің сөзінше, төлем мүлік орналасқан жердің бюджетіне аударылады. Бұл ретте бюджеттік сыныптама коды – 104102, төлем мақсатының коды – 911, ал өсімпұл төленген жағдайда 912 коды пайдаланылады.
Заңнамаға сәйкес Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірі, жалғыз тұратын зейнеткерлер және салық кодексінің 526-бабының 2-тармағында көзделген өзге де азаматтар бұл төлемнен босатылады.
– Биыл қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларацияны бірқатар азаматтар тапсыруға міндетті. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары және құрылтайшылары бар. Сондай-ақ акционерлік қоғамдардың 10 пайыздан астам акциясына немесе қатысу үлесіне ие тұлғалар мен олардың жұбайлары, жеке практикамен айналысатын азаматтар және салық салынатын мүліктік табыс алған адамдар да декларация ұсынады. Бұдан бөлек, шетелде банк шоты, жылжымайтын мүлкі немесе цифрлық активтері бар азаматтар да есеп тапсыруы тиіс, – деді басқарма басшысы.
Егер шетел банктеріндегі қаражаттың жалпы сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 3,932 миллион теңге) асса, ол декларацияда көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ Ресейдің Омбы қаласында немесе өзге мемлекеттерде орналасқан жылжымайтын мүлік, криптовалюта, токендер, цифрлық алтын, цифрлық акциялар мен облигациялар да декларацияға енгізіледі.
Оған қоса, есепті кезеңде жалпы құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 78,64 миллион теңге) асатын мүлік сатып алған азаматтар да есеп береді. Құжатта сатып алуға жұмсалған қаржының көзі, ипотека немесе қарыз пайдаланылса, оның мәліметтері, ал мүлік сатылған жағдайда сатып алушы туралы ақпарат көрсетіледі.
270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны биыл 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Павлодар облысында бұл міндет 49 мыңға жуық адамға жүктелген. Қазір олардың 18 мыңға жуығы немесе 37 пайызы ғана есеп тапсырған.
Мемлекеттік кірістер департаменті ақпараттық жүйелерге түсетін жүктемені азайту үшін құжаттарды соңғы күнге қалдырмай, алдын ала жолдауға кеңес береді. Декларацияны салық төлеушінің жеке кабинеті, e-Salyq Azamat қосымшасы немесе Kaspi Bank пен Halyk Bank мобильді қосымшаларындағы «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімі арқылы тапсыруға болады.