Павлодарда мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетілді (ФОТО)
Мерекеге орай мәдениет саласының майталмандары үшін қызыл кілем төселді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Алдымен облыс қалалары мен аудандарының мәдениет өкілдеріне облыстық мәдениет басқармасы атынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Бұдан кейін мәдени орталықтардың делегациялары қызыл кілеммен жүріп өтіп, мәжіліс залына жайғасты.
Мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар, мәдени-демалыс орталықтары, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың қызметкерлері, театрлар мен концерттік ұйымдардың әртістері мен қызметкерлері өзара пікір алмасып, мәдени тақырыптарда пікір өрбітті.
– Мәдениеттің миссиясы қандай? Мәдениетсіз мемлекеттің болашағы жоқ, – деді Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет мұражайының директоры Ақертіс Солтанбаев.
Чехов атындағы драма театрының актрисасы Татьяна Головатенконың пікірінше, өнер адам бойына ақыл, мейірім қасиеттерін дарытып, жандүниесін жарқырата түседі.
– Сұлулық әлемді құтқарады деп айтып жатады емес пе? Менің ойымша, нағыз өнер мен мәдениет те әлемді құтқарады. Мәдениет адамды кемелдендіре түсіп, жаңа леп береді. Адам баласы сұлулықты қабылдау арқылы да демалады, – дейді ол.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бірқатар қызметкерлерге грамоталар мен Құрмет медальдарын табыс етті.
– Құрметті мәдениет қызметкерлері, өнер қайраткерлері, ардагерлер. Ертіс өңірі Жаяу Мұса, Естай Беркімбаев, Шәкен Айманов сияқты көптеген танымал тұлғаларды мақтан тұтады. Сіздерге Отанымыздың игілігі жолындағы жемісті жұмыс үшін зор алғыс айтамын, – деді Асайын Байханов.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен (Мәдениет үздігі) Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының әртісі Әсия Бекболатова, Чехов атындағы драма театрының актрисасы Татьяна Кияшко, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Жас қанат» эстрадалық-вокалдық студиясының жетекшісі Айгүл Қалтаева, Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актері Медет Садығазин марапатталды.
Шара шағын концертпен жалғасын тапты.