Павлодарда мәжілісмендер тіл мәселесіне қатысты ұстанымдарын жеткізді

Павлодарда мәжілісмендер тіл мәселесіне қатысты ұстанымдарын жеткізді
Фото: автор

Халық қалаулылары жаңа Конституция жөніндегі түсіндіру жұмыстарына белсенді араласуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл мәселе әлдеқашан өз шешімін тапқан, сондықтан елді дүрліктіріп, қазақстандықтар арасында жік салудың еш қажеті жоқ, деп санайды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов. Оның пікірінше, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Павлодар облыстық филиалы жанынан құрылған түсіндіру топтарының бірден-бір міндеті осы мәселені тұрғындарға жеткізу.

- Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады. Бұл мәселеде ешқандай пікірталас болмау керек. Қазақ тілінде сөйлейміз, ал енді орысша керек болса орысша да сөйлеп береміз – бұл жерде ешқандай проблема жоқ, - дейді Нұржан Әшімбетов.

Түсіндіру тобының тағы бір мүшесі Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар әріптесінің сөзін қуаттады. Ол әртүрлі әлеуметтік желілерде жиі қолданылатын әдіс – аналогия келтірудің ешбір қисынға келмейтінін қадап айтты.

- Тіл мәселесін қарындаш, домбыра немесе шөлмекпен салыстыру қателік. Жалпы аналогия келтіру пікірталас кезінде аргумент болып саналмайды. Өйткені, мұндай әдіспен кез келген тақырыпты теріске шығаруға болады. Конституция бойынша қазақ тілінің функционалы бөлек, ал орыс тілінің функционалы – бір бөлек, - деді Ислам Сұңқар.

Айта кетейік, күні кеше «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Павлодар облыстық филиалы жанынан жеті түсіндіру тобы құрылды. Топ құрамына енген Мәжіліс депутаттары, өңіріміздегі белгілі азаматтар, қоғам қайраткерлері, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттары Конституцияны тұрғындарға түсіндіріп, халықтың мұң-мұқтаждарымен танысу мақсаттарымен облыстың қалалары мен аудандарына аттанды.