Павлодарда Марғұлан университетіне грантқа түсуге қандай мүмкіндік бар?

Түлектер пәндік олимпиадаға қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің білім гранты үшін облыстық мектептердің 11-сынып оқушылары арасындағы XІ облыстық пәндік олимпиасы өтеді.
Мақсаты – орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында математика, информатика, физика, химия, биология, география, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі және тарих пәндерінен дарынды оқушыларды анықтап, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағыттануы үшін жағдай жасау.
– Дәстүр бойынша олимпиадаға өңіріміздегі мектептердің 11-сынып оқушылары қатысады. Жеңімпаздар грант иегерлері атанады, – дейді жоғары оқу орнына дейінгі және кәсіптік бағдар беру жұмысы бөлімінің әдіскері Айгүл Аманбаева.
Оның айтуынша, байқау екі кезеңнен өтеді. Бірінші тур - іріктеу кезеңі 12-13 наурыз күндері онлайн-режимде ППУ сайтында https://ppu.edu.kz/сілтемесінде тестілеу түрінде өткізіледі. Екінші тур - практикалық кезең қаладағы Олжабай батыр көшесі, 60-құрылыс мекенжайы бойынша 28 наурызда өтеді. Қатысушысы белгіленген он пәннің біреуінен ғана тапсырмаларды таңдау тілінде орындайды.
– І турдың нәтижелері бойынша 50% тапсырмаларды дұрыс орындаған қатысушылар ІІ турға қатыса алады, – дейді ол.
Жеңімпаздар ҰБТ тапсыру кезінде шекті деңгейден өткен жағдайда және білім беру бағдарлама куәлігінде көрсетілген бейіндік пәндерге сәйкес келген жағдайда ППУ білім грантына құқығы туралы куәлікпен марапатталады. Екінші және үшінші орын алған пәндік олимпиада жүлдегерлері ҰБТ тапсыру кезінде шекті балдан өткен жағдайда және сертификатта көрсетілген білім беру бағдарламасы бейіндік пәндерге сәйкес келген жағдайда ППУ-да оқу үшін 50% және 25% жеңілдік алу құқығына арналған куәліктермен марапатталады.