Павлодарда мектеп оқушылары алғаш рет ұршық иіріп, жүн түтеді

Павлодарда мектеп оқушылары алғаш рет ұршық иіріп, жүн түтеді

Шараға қала мектептерінің 6-9-сынып оқушылары қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жыл сайын Наурыз мерекесіне орай оқушылар арасында ұлттық дәстүрді жаңғырту мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мәселен, 2024 жылы қыздар арасында «Тақиялы қыз трендте» атты байқау ұйымдастырып, арулар тақия тігіп, сайысқан еді. Ал былтыр ұлдар арасында «Дарабоз» сайысы өтті. Онда бозбалалар қамшы өріп бақ сынаған болатын. Осылайша, ұмыт болған дәстүрді жаңғыртып, өскелең ұрпақтың өн бойына ұлттық рух пен құндылықты сіңіруді көздеген мәдени ошақ биыл қыздарға ұршықтың қыр-сырын меңгертуді көздепті. 

Наурыз мейрамына орай ұршық иіруден «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты қалалық байқауы өтеді. Дәстүрлі байқауға  жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік тілде білім алатын 6-9-сыныпта оқитын қыз балалар қатыса алады.

- Шараның басты мақсатты Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесін тойлау аясында қолға алынып отыр. Оқушыларды ұлттық өнерге баулу, ұлттық қол өнерді күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету, шығармашылыққа жетелеу, ізденісін дамыту, қазақтың ұлттық өнеріне деген қызығушылығын арттыруды көздейді, - дейді музей қызметкері Назымгүл Шапағат.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Яғни бірінші кезеңде қатысушылар жүнді қолмен түтіп, иіруге дайындайды. Ал екінші кезеңде қатысушылардың жылдам иіру қабілетін, ұршықпен жұмыс істеудегі ептілігі анықталады. Жүлделі орынға ие болған қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. 

Қатысушы өтінім парағын 13 наурызға дейін  nazymgul.shapagat@bk.ru эл.поштасына жіберуі тиіс.

Байқаудың өтетеін күні қосымша хабарланады.