Ерекше жандарға қызмет көрсететін павлодарлық кәсіпкерлерге мемлекет қолдау көрсетуде
Өңірде 36 жоба гранттық қаржыландыруға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесін беріп келеді. 2024 жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне гранттық қаржыландыру мемлекеттік қызмет форматына көшіріліп, кәсіпкерлерге өз жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ұсынылды. Бүгінде өңірде ондаған әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылып, халықтың әлеуметтік осал топтарына қызмет көрсететін кәсіпкерлердің саны артып келеді.
Павлодар облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы Альнура Сыздықованың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне конкурс негізінде бес миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. Қаржылай қолдау кәсіпкерлердің қолданыстағы жобаларын кеңейтуге, жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және әлеуметтік бағыттағы қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Жаңа қолдау тетігі іске қосылғалы бері өңірде 36 әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы мемлекеттік қаржыландыруға ие болды. Өткен жылы гранттық қаржыландыру аясында сегіз кәсіпкерге жалпы сомасы 42 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Бұл қаражат кәсіпкерлердің өз жобаларын кеңейтуіне, қосымша қызмет түрлерін енгізуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік берді, – дейді Альнура Сыздықова.
Биыл да әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау жалғасын тапты. Облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп, сегіз кәсіпкердің жобалары қаржыландырылған.
Әлеуметтік кәсіпкерлік өңірде негізінен білім беру, мектепке дейінгі дамыту, инклюзивті білім беру және медициналық қызмет көрсету салаларында қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттар қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге және ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
– Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерінің бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Agadi» футбол клубының жобасы. Өткен жылы конкурс жеңімпаздарының қатарынан көрінген клуб бес миллион теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Қаржылай қолдау нәтижесінде ұйым материалдық-техникалық базасын нығайтып, балаларды қамту аясын кеңейтті. Бүгінде клуб ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен тұрақты айналысуына және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасап отыр, – дейді бас маман.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне арналған гранттық конкурсқа қатысу шарттары да жеңілдетілген. Қатысушы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде тіркелуі немесе «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалисі болуы тиіс. Өтінім беру және құжаттарды рәсімдеу толықтай электронды форматта жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлер өтінімді Kezekte.kz платформасы арқылы тапсыра алады. Бұл үшін белгіленген нысан бойынша бизнес-жоспарды толтырып, қажетті құжаттарды жүктеу жеткілікті. Конкурстық комиссия бизнес-жобалардың әлеуметтік маңыздылығын, тиімділігін және жүзеге асыру мүмкіндігін бағалап, жеңімпаздарды анықтайды.
Биылғы конкурсты өткізу қазан-қараша айларына жоспарланған. Мамандардың айтуынша, жыл сайын өңірден шамамен 15 кәсіпкер конкурсқа қатысуға өтінім береді. Оның ішінде 8-9 жоба мемлекеттік қолдау алады.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің ресми тізілімінде 20-ға жуық кәсіпкер тіркелген. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп келеді. Тізілімге енгізу үшін құжаттар әр тоқсан сайын қабылданады. Өтінімдер тиісті айдың 1-і мен 15-і аралығында қабылданып, қаралады.
Альнура Сыздықованың пікірінше, әлеуметтік кәсіпкерлік тек бизнес жүргізудің бір бағыты ғана емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешудің тиімді құралына айналып отыр. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсету, халықтың осал топтарын жұмыспен қамту, қолжетімді білім беру және медициналық қызметтер көрсету сияқты бағыттар әлеуметтік кәсіпкерлердің қызметінде ерекше орын алады.