Павлодарда оқушылар облыстық пәндік олимпиадада бақ сынады
Оған облыстың барлық ауданынан келген 635 оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, бүгін Естай атындағы мәдениет сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 61-ші облыстық кезеңінің жабылу салтанаты өтті. Оған облыстың барлық ауданынан үкілі үміттерін арқалап келген дарынды балаларға арналған мектептерден 635 оқушы, оның ішінде 26 команда қатысты. Олардың ішінен 327 бала жеңімпаз атанды.
Пәндік олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан білім басқармасының басшысы Самал Оспанқызы Айтқазина білім тұңғиығына бойлап, білім нәрін сусындаған өрендерге сәттілік тіледі.
- Дарынды балалар мен жастарды қолдау еліміздің білім саясатының басты бағыттарының бірі болып саналады. Өз білімі мен талантының, табандылығы мен алғырлығының арқасында облыс оқушыларының жетістіктері үнемі жоғары деңгейде. Қымбатты оқушылар, жігері мен өріскелдің ертеңгі қабырғасын қалайтын, еліміздің болашағын жасайтын сіздерсіздер. Республикалық сыңда облысымыздың намысын қорғайтын оқушыларымызға сәттілік тілей отырып, өңіріміздің қоржынын жоғары жетістіктермен толықтырады деген үлкен сенімдеміз,- деді облыстың бас ұстазы.
Облыстық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне өңіріміздің жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын жыл сайын тапсыру дәстүрге айналған. Биыл Торайғыров Университеті 5 грант, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 16 грант бөлді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 3 орынға ие болған – 172 оқушы болды. Оның ішінде 1-орынға 61 оқушы, 2-орынды 94 оқушы иеленді. Сонымен қатар, «Ең жас қатысушы» номинациясы бойынша 3 оқушы марапатталды.
Облыстық олимпиада қорытындысы бойынша ауылдық мектептер арасында жоғары көрсеткіштері үшін "Үздік ауылдық мектеп" номинациясы бойынша Май ауданы Малайсары жалпы орта білім беру мектебі марапатталды.
"Үздік қалалық команда" номинациясы бойынша Павлодар қаласының құрама командасы үздік деп танылды.
Жаратылыстану-математикалық бағытында мамандандырылған мектептер арасында жоғары нәтиже көрсеткен үшін «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі диплом дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Жас Дарын» лицей-мектебінің командасына табысталды.
ІІ дәрежелі дипломға дарынды ер балаларға арналған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" лицей-интернатының командасы ие болды. Ал І дәрежелі дипломға дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің командасы ие болды.
Қоғамдық-гуманитарлық цикл бағытында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер арасында жоғары көрсеткіштері үшін "Ең үздік олимпиадалық команда" номинациясы бойынша III дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған "Жас дарын" мамандандырылған мектеп-лицейінің құрама командасы, II дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейдің құрама командасы және I дәрежелі дипломмен дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның құрама командасы марапатталды.