Павлодарда оқушылардың қаржылық қауіпсіздігіне арналған квест ұйымдастырылды

Павлодарда оқушылардың қаржылық қауіпсіздігіне арналған квест ұйымдастырылды

Интерактивті квест барысында жоғары сынып оқушылары алаяқтықтың кең тараған түрлерін талдап, қауіп-қатерді анықтауды үйренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқушылар сарайында «Заң және тәртіп» айлығы аясында алаяқтыққа қарсы интерактивті квест өтті. Шараға жоғары сынып оқушыларынан құралған он команда қатысты. Квестке қатысқан оқушылар тек тыңдаушы ретінде ғана қатыспай, өздері алаяқтардың нақты мысалдарын талдап, қауіп-қатерді анықтауды меңгерді.

– Жоғары сынып оқушылары хабарламалар мен хат алмасу үлгілерімен жұмыс істеді. Алғаш қарағанда олар кәдімгі хабарлама сияқты көрінеді, алайда шын мәнінде қауіпті болуы мүмкін. Осы арқылы балалар шынайы хабарламаларды жалған ақпараттан ажыратуды үйренеді, – деді Оқушылар сарайының педагог-ұйымдастырушысы Алена Шияненко.

Квест барысында оқушылар жеткізу туралы жалған SMS-хабарламаларды, кодтар мен құпиясөздерді, банк картасының деректерін сұрау жағдайларын талқылады. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жалған аккаунттар, жасөспірімдерді дропперлікке және ақшаны қолма-қол айналдыру схемаларына тарту мәселелері қарастырылды. Қаржылық пирамидалар, жылдам табыс табу уәделері, сондай-ақ вейптерді сатып алу мен таратудың қауіптілігіне де ерекше назар аударылды.

– Оқушылар командалармен жұмыс істеді. Әр түрлі жағдайларды «қауіпсіз», «күдікті» және «қауіпті» деп бөліп, не себепті солай шешкендерін түсіндірді. Мұндай тәсіл олардың мұқият болуына, ақпаратты дұрыс қабылдауына және дұрыс шешім шығаруына көмектесті, – деді ұйымдастырушылар.

Іс-шараның маңыздылығы туралы №43 мектептің 11-сынып оқушысы Изабелла Скрипкарева да өз пікірін білдірді.

– Ойын барысында біз алаяқтық пен қаржылық қауіпсіздікке қатысты жағдайларды талдадық. Мұндай оқиғалар менің және отбасымның басынан да өткен, сондықтан әрдайым ата-анаммен ақылдасып, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеремін, - деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде мұндай шаралар аса маңызды. Себебі бүгінде жалған қоңыраулар, жасанды дауыс пен фейк хабарламалар жиілеп келеді. Осыған байланысты оқушылар интернеттегі барлық ақпарат шындық бола бермейтінін түсініп, жалған ақпаратты ажырата білуі тиіс.

Фотоны - Оқушылар сарайының баспасөз қызметі ұсынды.