Павлодар облысында жарықты қалпына келтіруге 150-ден астам адам тартылды

Павлодар облысында жарықты қалпына келтіруге 150-ден астам адам тартылды

Мамандар бүгінгі күннен бастап дауылдың кесірінен шатырлары зақымданған 16 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге кірісті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кешкісін өңір басшысы Асайын Байханов қарашаның 18-нен 19-на қараған түні соққан қатты дауылдың салдарын жою бойынша құрылған жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Мамандар бүгінгі күннен бастап дауылдың кесірінен шатырлары зақымданған 16 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге кірісті. Зардап шеккен тағы 67 ғимаратты жөндеу жұмыстары ертең басталады. 

- Электр қуатын қалпына келтіру жұмыстарына 43 авариялық бригада (150-ден астам адам) және 68 бірлік техника жұмылдырылды. Соның ішінде облыстың зардап шекпеген солтүстік аудандарынан тартылды. Жарықсыз қалған 18 ауылдың он екісіне электр қуаты берілді, - делінген хабарламада. 

Жөндеу жұмыстары өңірдің үш ауданының 6 ауылында жалғасуда. Бүгін түнде Аққулы ауданындағы электр қуатын қалпына келтіру керек. Баянауыл ауданында электр қуатын толығымен 22 қараша күні түстен кейін қосу жоспарлануда. Қазір онда жөндеу және электр желілеріне қосымша бағаналар орнату жұмыстары жүргізілуде. 

- Шарбақты ауданындағы жұмыстар зақымданған бағаналардың қарағай орманының жанында орналасуына байланысты күрделене түсуде. Қазір құлаған ағаштарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін мамандар бірден жаңа бағаналарды орнатуға кірісіп, ертеңгі күннің соңына дейін электр қуатын қалпына келтіреміз деп сендіруде, - делінген әкімдік берген ақпаратта. 

Асайын Байханов 22 қараша күні өңірде желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді деп болжанып отырғанын, осыған байланысты әкімдіктер нысандарды қалпына келтіру бойынша жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындалуы қажет екенін атап өтті.