Павлодарда онкологиялық науқасқа сәтті ота жасалды
Ер адам бірнеше сағатқа созылған күрделі отаны басынан кешті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласының 52 жастағы тұрғыны Александр Воробьевқа ұйқы безінің өскіні және механикалық сарғаю диагнозы қойылып, ағымдағы жылдың қыркүйек айында операция үстеліне жатқызылған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, Александр дер кезінде жүгінді.
– Бәрі менің бетім мен көзімнің сарғайып кетуінен басталды. Мен ауруханаға бардым, олар мені тексеріп, маған шұғыл ота жасау керектігін айтты. Әрине, мен келістім, бәрі ойдағыдай өтті, – дейді Александр Воробьев.
Құны 1,2 миллион теңгені құрайтын ота міндетті медициналық сақтандыру аясында жасалған.
№1 Павлодар қалалық ауруханасының дәрігерлері тәжірибелі кеңесші ретінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтағы әріптестерін шақырды.
– Панкретодуоденальды резекция негізінен онкологиялық орталықтарда жүргізіледі. Ісіксіз сарғаюға отаны өзіміз жасайтын едік. Бірақ ісіктерге тек декомпрессия жасап, кейіннен науқастарды Павлодар онкологиялық диспансеріне немесе Астанаға жіберетінбіз. Бірақ мұның бәрі көп уақытты алатын – консультация, жол, порталда кезекті күту. Мұндай науқастардың көп ағынын ескере отырып, операцияны өз ауруханамызда жасауды жөн көрдік. Бұл отаның ерекшелігі – ол өте көлемді және жоғары жарақаттылыққа ие болғанымен, сәтті ота науқасқа ұзақ өмір сүруге және уақытында нақты терапияны алуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда ол химиотерапия. Операцияның қиындығын ескеріп, Астана қалалық Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлерін шақырдық, – дейді №1 қалалық аурухананың жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Жағапаров.
Оның айтуынша, ота сәтті жасалып, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өткен.
– Әдетте отадан кейін мұндай науқастар 3-6 апта төсекте жатады. Бұл жағдайда біз тек төрт аптамен шектелдік. Науқас өзін жақсы сезінеді. Келесі кезең онкологиялық диспансерде емделу және химиотерапия, – дейді Ерлан Жағапаров.
№1 қалалық аурухананың хирургтары пациенттерге жоғары білікті көмек көрсетуге және оларды онкологиялық орталықтар порталында кезекте тұрудан алшақ ұстауға мүмкіндік беретін осындай оталарды жалғастыруды жоспарлап отыр.