Павлодарда отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау жолдары талқыланды

Павлодарда отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау жолдары талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпкерлер импорттық өнімнің үлесі артып бара жатқанын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіп кешені жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Жиында отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау және олардың ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қаралды.

Кездесуге кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдардың, азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші ұйымдардың өкілдері қатысты.

Палата директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхисламның айтуынша, отандық өндірушілерді қолдау үшін бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылын күшейту қажет.

– Бүгінгі талқылау отандық азық-түлік өндірушілерін қолдау мәселелері кешенді тәсілді талап ететінін көрсетті. Кәсіпкерлер импорттық өнімдердің ішкі нарықтағы үлесінің жоғары екенін, шекара арқылы келетін азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту қажеттігін және жергілікті сауда орындарында отандық өндірушілерге басымдық беру маңызды екенін айтты. Палата үшін мұндай кездесулер заңнаманы жетілдіруге және отандық өндірісті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге негіз болуы тиіс, – деді Айдос Шайхислам.

Отырыста азық-түлік өнімдерін елге әкелу кезіндегі бақылау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылардың пікірінше, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың бәріне бірдей қолданылуы адал бәсекелестікті қамтамасыз етеді.

«МолКом Павлодар» ЖШС директоры Виталий Михайловтың айтуынша, қазақстандық өндірушілердің өнімдерін сауда желілеріне шығару кезінде бірқатар кедергілер сақталып отыр.

– Отандық өндіруші ретінде сауда желілерінде әлі де Ресей мен Беларусь өнімдеріне басымдық берілетінін көріп отырмыз. Жаңа өнімді нарыққа шығару кезінде сөрелерге орналастыру және қосымша коммерциялық талаптарға байланысты қиындықтар туындайды. Қазіргі жағдайда дүкен сөрелерінде қазақстандық өнімге басымдық берілуі экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды, – деді Виталий Михайлов.

Кездесу қорытындысында айтылған ұсыныстар жинақталып, заңнаманы жетілдіру бойынша әрі қарай қарау үшін уәкілетті органдарға жолданатын болды.