Павлодарда пиротехниканы заңсыз сату дерегі анықталды
Фейерверктердің барлық партиясы тәркіленіп, тиісті тексеруге жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісінің жолын кесті. Рейд барысында рұқсат құжаттарынсыз отшашуларды сату дерегі анықталды.
– Сонымен қатар, пиротехникалық өнімдер қауіпсіздік талаптарын бұза отырып сақталып, сатылған, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Фейерверктердің барлық партиясы тәркіленіп, тиісті тексеруге жіберілді, – деді облыстық полиция департаменті.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, заң бұзған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаменті пиротехниканы тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.