Павлодарда рақымшылықпен босап шыққан азаматты «адал досы» қарсы алды
Иесі қуаныштан көз жасына ерік беріп, досын құшағына қысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, №45 мекемеде ұрлық үшін сотталған Иван жазасын өтеп, рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты. Ал мекеме қақпасының алдында оны ең адал досы – «Тайсон» есімді ит күтіп тұрған.
– Қақпа ашылған сәтте Иван көз алдындағы таныс бейнені көрді. Тайсон иесін сезгендей, қуанышпен жүгіріп келіп, құйрығын бұлғаңдатып қарсы алды. Ер адам сезімін жасырмады – қуаныш пен сағыныштан көзіне жас келіп, досын құшағына қысты. Бұл сәт шынайы сүйіспеншілік пен адалдықтың символына айналды, – делінген хабарламада.
Иванның айтуынша, дәл осы төрт аяқты досы туралы ой оған үміт сыйлап, өмірін қайта саралауға көмектескен.
– «Тайсон» – менің нағыз досым. Ол мені бәрібір күтті. Сол үшін мен өмірімде бәрін өзгертуді ұйғардым, – дейді Иван.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жазасын өтеу кезінде ол еңбек пен тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Мекеме әкімшілігі Иванның оң өзгерістерін және қоғамға қайта бейімделуге дайындығын атап өтті.