Павлодарда санитарлық тораптардың жай-күйі бағаланды

Павлодарда санитарлық тораптардың жай-күйі бағаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Онда санитарлық-гигиеналық тораптар, суық әжетханалар және жол бойындағы кешендердің жай-күйі тексерілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың тапсырмасына сәйкес Павлодар облысына «ҚАЖсервис» ЖШС бас директоры Марат Сүлейменов жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары барысында бас директор Павлодар облысындағы бірқатар нысандарда санитарлық-гигиеналық тораптар мен суық әжетханаларды тексерді. Негізгі назар олардың санитарлық жағдайына, белгіленген талаптарға сәйкестігіне және автомобиль жолдарын пайдаланушылар үшін қолайлылығына аударылды.

- Автомобиль жолдарының учаскелеріндегі барлық жол бойы сервис нысандары тәулік бойы штаттық режимде жұмыс істейді. Тұрақты негізде күн сайын дезинфекциялау, үй-жайлардың ішін тазалау, аумақты қоқыстан және қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі кезеңнің басталуына байланысты суық әжетханаларды «Горыныч» биопрепаратымен санитарлық өңдеу жұмыстары қайта басталды. Бұл препарат органикалық қалдықтарды тиімді ыдыратып, сұйылтады, жағымсыз иістерді жояды, сондай-ақ шұңқырларды тазалау мен шығару шығындарын азайтады, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сапар барысында бас директор Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен кездесу өткізіп, көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесіне қатысты. Кездесу барысында мүдделі ведомстволардың өзара іс-қимылы, жеке құрамның, арнайы техниканың және инертті материалдардың дайындық мәселелері талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша «ҚАЖсервис» ЖШС бас директоры Павлодар облыстық филиалының құрылымдық бөлімшелеріне су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейтуді және су басу қаупі бар учаскелердің жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.