Павлодарда Семей тұрғынының жүрегіне күрделі операция жасалды

Павлодарда Семей тұрғынының жүрегіне күрделі операция жасалды
Фото: автор

Абай облысынан келген науқас медициналық көмекті квота аясында тегін алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Мұрат Райхановтың айтуынша, дәрігерлер 72 жастағы науқастың жағдайын шамамен бір ай бойы бақылап, қажетті тексерулер жүргізген.

Ер адам осы уақытқа дейін белсенді өмір сүріп, шаруашылықпен айналысқан. Бұған дейін ауруханаға жатпаған, операция жасатпаған және жүрекке қатысты шағымдары болмаған. Алайда соңғы бір айда тез шаршау және физикалық жүктеме кезінде бас айналу белгілері пайда болған.

Семей қаласындағы облыстық ауруханада жүргізілген жүрек ультрадыбыстық зерттеуі қолқа қақпақшасының жүре пайда болған ақауын, яғни ауыр дәрежелі стенозды анықтаған.

–  Бұл – өте қауіпті жағдай. Қолқа қақпақшасы тарылған кезде жүректен қанның шығуы қиындайды, соның салдарынан миға қан жеткіліксіз баруы мүмкін. Ауру асқынған жағдайда жүректің кенеттен тоқтау қаупі де бар. Сондықтан ақаудың дер кезінде анықталғаны өте маңызды, – деді Мұрат Райханов.

Дәрігерлер науқастың жүрегін қанмен қамтамасыз ететін коронарлық артерияларда да тарылулар бар екенін анықтаған. Сонымен қатар, шамамен он жыл бұрын миокард инфарктісін өткергені белгілі болған. Ол кезде ер адам медициналық көмекке жүгінбей, жағдайын физикалық жүктемемен байланыстырған.

Мамандар науқастың жағдайын жан-жақты бағалай келе, бір операция барысында екі мәселені қатар шешу туралы шешім қабылдаған. Оған қолқа қақпақшасын биологиялық протезбен ауыстыру және жүректің екі коронарлық артериясына аортокоронарлық шунттау жасалды.

Қолқа қақпақшасын ауыстыру жүректен қанның қалыпты өтуін қалпына келтіруге бағытталса, коронарлық шунттау жүрек бұлшықетінің қанмен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді. Осылайша дәрігерлер жүректің құрылымдық ақауын да, коронарлық қан айналымының бұзылуын да бір мезгілде емдеді.

70 жастан асқан кейбір науқастарға қолқа қақпақшасын катетер арқылы ауыстырудың TAVI әдісі ұсынылуы мүмкін. Бұл тәсілде қақпақша жүректі ашпай, катетер арқылы орнатылады. Алайда емдеу әдісі әр науқастың жеке жағдайына, қосымша ауруларына және коронарлық артериялардың зақымдану дәрежесіне қарай таңдалады.

–  Операциядан кейінгі бесінші тәулікте науқастың жағдайы тұрақты. Ол өздігінен тұрып, жүріп-тұра алады және қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр. Жақын күндері ауруханадан шығару жоспарланған. Жалпы мұндай операциядан кейін күнделікті белсенділікке оралу біртіндеп жүзеге асады. Төс сүйегі арқылы жасалған операциядан кейін оның толық бітуіне шамамен екі ай қажет болуы мүмкін. Қалпына келу мерзімі науқастың жалпы жағдайына және дәрігердің ұсынымдарын орындауына байланысты, – дейді кардиохирург. 

Операцияның құны шамамен үш миллион теңгені құрайды. Алайда Семейден келген науқас жоспарлы түрде квота бойынша ауруханаға жатқызылып, медициналық көмекті сақтандыру жүйесі аясында тегін алған.

Операциядан кейін денсаулығы жақсарған Александр Чакилев медициналық орталық ұжымына алғысын білдірді.

– Операцияны шамамен бір апта бұрын жасады. Қазір өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін, біртіндеп қалпыма келіп жатырмын. Кардиологиялық орталықтың бүкіл ұжымына алғысымды айтқым келеді. Кардиология, хирургия бөлімдерінің және реанимация қызметкерлері науқастарға туған адамындай қарайды. Әрқайсысы қамқорлық танытып, жағдайымызды сұрап тұрады. Осындай білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық технологиялардың арқасында денсаулығымды қалпына келтіріп жатырмын,  – дейді ол. 

Операциядан кейінгі бесінші тәулікте оның жағдайы жақсы, жақын күндері ауруханадан шығару жоспарланып отыр.

Мұрат Райхановтың мәліметінше, орталықта жыл сайын осындай шамамен 250 операция жасалады. Қазіргі уақытта бөлімшеде 23 науқас ем қабылдап жатыр.