Павлодарда спортшылар AIGA грэпплингінен ҚР-ның Кубогына таласты

Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 500-ден аса спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда барлық жас санаттары үшін AIGA грэпплингінен Қазақстан Республикасының Ашық Кубогы өтті. Онда Павлодар облысының командасы жалпы командалық есепте үздік нәтиже көрсетті.
Жарыстың салтанатты ашылуында қатысушыларды Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жәкенов, Павлодар өңірінің жекпе-жек өнері қауымдастығын басқаратын Марат Смағұлов, сондай-ақ, джиу-джитсу және грэпплинг бойынша Қазақстан федерациясының бірінші вице-президенті Қайрат Душекенов қарсы алды. Олар спортшыларға сәтті өнер көрсетуді тіледі.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 12 жастан бастап спорт ардагерлеріне дейінгі бес жүзден астам спортшы қатысты. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында тоғыз салмақ дәрежесінде өтті. Төрешілер алқасына Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдері кірді.
Бірінші күні кілемге 12 мен 17 жас аралығындағы спортшылар шықты, екінші күні 20 жастан асқан қатысушылар және 30 жастан асқан ардагерлер бақ сынасты.
Жарыс жеңімпаздары әлемдік біріншілікке қатысу үшін тегін тіркелу мүмкіндігіне ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Туризм және спорт министрлігінен және AIGA Павлодар грэпплинг Федерациясынан грамоталар мен медальдар алды. Павлодар облысының грэпплинг бойынша төрешісі және спорт шеберіне кандидат Рустам Шушаев жарыста өзі өнер көрсетіп, шараға өз бағасын берді
– Павлодар қаласы ҚР Кубогын өткізу үшін кездейсоқ таңдалмады. Біздің федерация оны ұйымдастыруға өз еркімен келді: зал да, жағдай да жақсы келіп тұр. Әрине, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру қиынға соғады, бәрін тез және дұрыс жасауға, спортшылармен кездесуге, оларға орналастыру нұсқаларын ұсынуға қажет болған жағдайда кез-келген мәселеде көмектесуге көп уақыт кетеді. Өтінімдер беруді, өлшеуді, басқа ұйымдастырушылық сәттерді бақылау қажет. Бірақ іс-шара ойдағыдай өтті, – деді ол.
Павлодар облысының командасы медальдік есепте 50 наградамен бірінші орынды иеленді: 20 Алтын, 14 күміс және 16 қола медаль. Екінші орында Жетісу облысының Жаркент командасы 45 медальмен, үшінші орында 42 жүлдемен елордалық спортшылары орнықты.