Павлодарда «Стоп, сталкинг» форумы өтті

Павлодарда «Стоп, сталкинг» форумы өтті
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Шараға психологтар, білім беру ұйымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Полиция департаментінің бастамасымен өңірде қудалау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған «Стоп, сталкинг» форумы өткізілді.  

Форум жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, сарапшылар, психологтар, білім беру ұйымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында сталкинг деректерін анықтау және жолын кесу, азаматтардың өтініштеріне ден қою алгоритмдері, қайталама зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалау тетіктері, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселелері талқыланды. 

- Профилактикалық жұмысты жетілдіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар тәжірибелік кейстерді, статистикалық деректерді ұсынып, алдын алу шараларын күшейту бойынша ұсыныстарын білдірді, - делінген хабарламада. 

Форум қорытындысы бойынша қудалау және тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне ден қою тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірленді. 

Полиция департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті.