Павлодарда тұрғын үйлер ыстық сумен қашан қамтылатыны белгілі болды

Павлодарда тұрғын үйлер ыстық сумен қашан қамтылатыны белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінгі таңда 200-ге жуық тұрғын үй ыстық суға қосылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков оңтүстік желілік аудандағы жөндеу жұмыстарының барысымен және гидравликалық сынақтардан кейінгі ахуалмен арнайы танысты. 

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық зақымданған учаскелерді бір ай ішінде толық жою міндеті қойылды. Бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Қазіргі таңда оңтүстік желілік аудан бойынша анықталған 20 зақымның 15-і қалпына келтірілді. Магистральдық желілерде қалған 3 ақау бойынша жөндеу жұмыстары жалғасуда. Барлық учаскелерде жұмыс белгіленген мерзімнен ерте жүргізілуде, - деді ол.

Шаһар басшысының айтуынша, жалпы, оңтүстік желілік ауданға 769 тұрғын үй кіреді. Бүгінде олардың 192-сі ыстық суға қосылған. Қалған үйлер бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қосылатын болады.

Сонымен қатар, 1-ЖЭО-да шамамен 10 бірлік арматураға жөндеу және техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта мұнда жылу желісін толықтыру сызбасын жөндеу жұмыстары атқарылуда. Келесі аптада жүйені сумен толтыру жоспарланып отыр.

Ал оңтүстік желілік аудандағы желілерге қайта жаңғырту жүргізіліп жатқан учаскелерден бөлек барлық тұрғын үйлер мамыр айының соңына дейін ыстық сумен қамтамасыз етілмек.