Павлодарда телефонмен сөйлескен көлік жүргізушісіне айыппұл салынды
Ер адам шұғыл қоңырау болды деп ақталған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Мәшһүр Жүсіп көшесінде келе жатып, телефонмен сөйлескен бір жүргізушіні тоқтатқан.
– Ер адам өзінің қателігін мойындап, шұғыл қоңырау болды деп ақталды. Бірақ бұл оны жауапкершіліктен босатпайды, кез келген жағдайда көлікті тоқтатып немесе динамик орнатқан дұрыс. Осы құқық бұзушылық үшін рульде сөйлескенді ұнататын адамға ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды және 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келді, – деп атап өтті Павлодар облысы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.
Полиция департаменті облыс тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қауіпсіздікті ешқашан назардан тыс қалдырмауға кеңес береді.
Телефон арқылы сөйлесу жүргізушінің көңілін басқа мәселеге аударып, жолдағы қозғалысқа едәуір қауіп төндіреді. Ұялы телефонмен сөйлесу немесе хабарлама теру басты міндетке айналғандықтан, көлікті басқару екінші кезекке қойылады. Көлік жүргізу кезіндегі мобильді белсенділік алаңдаушылық тудырады және реакция жылдамдығын төмендетеді, көлік жүргізу кезінде апатқа ұшырау мүмкіндігі төрт есе артады.