Павлодарда тоғыз жылдан кейін бағдаршам орнатылды
Бағдаршам мен жол белгілерін орнату арқылы апаттардың алдын алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Радиозавод және Молзавод шағын аудандары мен саяжай секторының тұрғындарынан Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Жәнібек Қабышев пен полиция капитаны Ерлан Қожахметовтың атына алғыс түсті. Өз хатында ризашылық білдірген тұрғындар «Компания Нефтехим LTD» ЖШС мен Омбы трассасының қиылысында бағдаршам, шағын аудандар жолдарында жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнатуға қатысты мәселелерді шешуге көмектескені үшін алғыс білдірген.
– Жәнібек Маратұлы менің үндеуіме түсіністікпен қарады және өз тарапынан халықтың проблемаларына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Себебі, тоғыз жылдан астам бұл мәселе шешілмеген еді, – деп жазылған хаттың мәтінінде.
Сондай-ақ, қысқа мерзімде басшының тапсырмасын жауапкершілікпен адал орындағаны үшін мемлекеттік автоинспектор, полиция капитаны Ерлан Қожахметовке алғыс білдірген. Осылайша олардың жұмысын атап өтіп, алғыс жариялауды сұраған.
Полиция қызметкерлері тиісті шараларды қабылдау арқылы өңір тұрғындарына көмектесу басты міндеттері екенін айтады.