Павлодарда ветеринариялық станцияларға жаңа қызметтік көлік берілді
Ол ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуіше, Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға аймақтың түкпір-түкпірінен агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері жиналды. Мұнда ауыл шаруашылығы техникаларының, жаңа технологиялардың, азық-түлік өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Асайын Байханов павлодарлық аграршыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл мыңдаған адамды асырап отырған барша еңбек адамдарына құрмет білдіретін күн екенін атап өтті.
- АӨК қарқынын сақтау және тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бүгінде ауыл шаруашылығында, өз өнімдерін қайта өңдеу мен шығаруда ауылдың резервтері шоғырланған. Мұның артында тек еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, азаматтардың әл-ауқаты мен ұлт денсаулығы тұр, - деді Асайын Байханов.
Шара барысында Баянауыл, Май, Ертіс, Аққулы, Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарының, сондай-ақ, облыстық ветстанция және Екібастұз қаласының ветеринариялық станцияларының ұжымдарына 14 жаңа қызметтік көліктің кілті табысталды. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.
Еске сала кетейік, облыс шаруаларын құттықтап, сәттілік тілеген Асайын Байханов «КазАгрЭкс» АҚ өңірлік менеджері Қазкен Мұқашев пен «Победа» ЖШС директоры Владимир Поляковқа «Облыс алдындағы еңбегі үшін» төсбелгілерін табыс етті.