Павлодарда заңсыз құрылысқа ерте кезеңде тосқауыл қойылды
Асайын Байханов бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәселе облыс әкімдігінде өткен ақпараттық жиында талқыланды. Павлодар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандарына жыл басынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 340 хабарлама түскен. Оның 90-ы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын нысандарға қатысты.
Басқарма басшысы Қазбек Арантаевтың айтуынша, осы уақыт ішінде 63 жоспардан тыс тексеру өткізіліп, нәтижесінде 85 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама рәсімделді.
– Жалпы көлемі 36,6 миллион теңге айыппұл салынды. Оның 4,7 миллион теңгесі сот шешімімен өндірілді. Негізгі заң бұзушылықтар – құрылыс-монтаждау жұмыстарын хабарлама талонынсыз бастау, жобалық құжаттама мен сараптама қорытындысының болмауы. Сондай-ақ нысандардағы жұмыстардың сапасыз орындалуы, – деді ол.
Сот шешімі заңды күшіне енген соң Павлодар қаласындағы Академик Бектұров көшесі, 20 мекенжайында заңсыз салынған жапсарлас нысан толық бұзылды. Ал Московская көшесі, 71 мекенжайындағы заңсыз боксқа қатысты атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Екібастұздағы су құбырын қайта жаңарту жобасын жүзеге асырған «SK Megaron» ЖШС негізгі жұмыс түрлеріне лицензиядан айырылды.
Жарты жыл ішінде ведомство жеке және заңды тұлғаларға eLicense жүйесі арқылы 152 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның қатарында құрылыс-монтаждау, жобалау және іздестіру жұмыстарына лицензия беру, сондай-ақ инженерлік қызмет көрсететін сарапшыларды аттестаттау бар.
Қазбек Арантаевтың сөзінше, прокуратураның ұсынысы негізінде 41 лицензия иесі 5,1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеп, 17 лицензияның қолданылуы тоқтатылды. Бұдан бөлек, жобалау қызметімен айналысатын тоғыз ұйымға 1,1 миллион теңге айыппұл салынып, екі лицензияның күші тоқтатылды. Іздестіру қызметін жүзеге асыратын екі ұйым 230 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, бір лицензиясынан уақытша айырылды.
– Бірінші шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі саланы цифрландыруды, мемлекеттік бақылауды күшейтуді және оған қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Енді E-Qurylys ақпараттық жүйесі арқылы бірыңғай цифрлық орта қалыптастырылып, техникалық қадағалау күн сайын жүргізіледі. Бюджет қаражатына салынатын нысандардың барлығы мемлекеттік сараптамадан өтеді. Пайдалануға беру алдында жұмыстардың сапасы жөніндегі қорытындыны басқарма келіседі. Ал мемлекеттік инспекторлар пайдалануға тапсырылатын әрбір нысанға барып тексеру жүргізеді, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Асайын Байханов заңсыз құрылысқа нысан толық бой көтергеннен кейін емес, іргетасы қаланған сәттен бастап тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
– Егер мұндай заң бұзушылықтарға жол беретін болсақ, онда тәртіп болмайды. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері заңсыз салынып жатқан нысанды байқаса, бірден мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хабар беруі керек, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда басқарма қала және аудандық сәулет бөлімдерімен бірлесіп тұрақты мониторинг жүргізіп, заңсыз салынып жатқан нысандарды анықтап, олар бойынша заңнамаға сәйкес шара қолданып келеді.