Павлодарда заңсыз балық сатқан тұрғынға айыппұл салынып, өнімдері тәркіленді
Азамат рұқсат құжаттарынсыз көшеде шортан, көксерке және мөңке балықтарын саудалаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 7 қазанда рейдтік іс-шаралар барысында Нұрмағамбетов көшесіндегі ғимараттың жанында заңсыз балық сатқан азамат анықталған. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары одан өнімнің шығу тегін растайтын құжаттар мен ветеринариялық анықтаманы таба алмаған.
– Негізінен қарбыз бен қауын сататынмын. Сол күні бейтаныс ер адам келіп, балық сатып алуды ұсынған соң, оны кейін қайта сату мақсатында сатып алдым, – деді сотта өз кінәсін мойындаған тұрғын.
Сот қаулысымен азамат Г. ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 30 275 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар екі келі шортан, екі келі көксерке және бес келі мөңке балығы тәркіленді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.