Павлодарда зейнеткерді алдамақ болған алаяқтардың ісі әшкере болды
Ол банк қызметкерлерінің қатысуымен іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Зейнеткердің айтуынша, үй телефонына белгісіз ер адам қоңырау шалып, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған.
– Ол құжаттарды шұғыл түрде «қайта рәсімдеу» қажеттігін айтты. Сұхбат барысында ол менің банктегі есепшотымда қанша сома бар екенін сұрады. Мен есепшотта 2 миллион теңгеден астам қаражат барын айттым. Кейін оның нұсқауымен 1 миллион 300 мың теңгені аударып бердім. Кейін ер адам қайта қоңырау шалып, үйге көлік келіп, мені көрсетілген мекенжайға жеткізеді деді. Алайда ол сол уақытта жүргізушімен сөйлеспеуім туралы қатаң нұсқау берді. Барлық уақыт бойы ол WhatsApp мессенджері арқылы байланыста болып, нақты нұсқаулар беріп отырды, – дейді зейнеткер.
Барлық әрекеттер телефон арқылы алаяқтың нұсқауымен жасалған. Зейнеткерге ешкіммен сөйлесуге және туыстарымен бұл тақырыпты талқылауға мүмкіндік бермеген. Алаяқтар оны тәулік бойы бақылауына алған.
Әйел қалған соманы аудару үшін банкке барған кезде, банктегі қызметкер оның мінез-құлқына мән беріп, полицияға хабарлаған. Полиция қызметкерлері қосымша заңсыз әрекеттердің алдын алып, қалған қаражаттың аударылуына жол бермеді. Сондай-ақ, зейнеткерге бұған дейін аударылған қаражатты қайтаруға көмектесті.
Әйел мен оның жұбайы полиция қызметкерлеріне жедел әрі кәсіби жұмысы үшін алғыс білдірді. Мамандардың кәсібилігінің арқасында ерлі-зайыптылар қаржылық жинақтарының маңызды бөлігін сақтап, ұрланған қаражатты қайтаруға мүмкіндік алды.
Тәртіп сақшылары банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы қаражат аударуды талап етпейтінін және азаматтарды такси арқылы банкоматқа жібермейтінін ескертеді.
Еске сала кетейік, Ертіс ауданында алаяқтар ауыл тұрғынының атына 2 миллион теңге несие алмақ болған. Ауылдың учаскелік инспекторы дереу жағдайды бақылауға алып, барлық нөмірлерді тексеріп, есепшоттарды бұғаттауға және несие рәсімдеуге тыйым салуға көмектескен. Тіпті тиісті мекемелерге хабарласып, алаяқтықтың алдын алған.