Павлодарда жас футбол әуесқойлары арасында облыстық турнир өтеді
Аяқдопшылардың бәсекесіне өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының күніне орай «Sport jyregi – Ұлт қуаты» шағын футболдан облыстық турнирі өтеді. Спорттық сайысқа футбол ойнауды ұнататын және өз командасымен бірге жеңіс үшін күресуге дайын кез келген адам турнирге қатыса алады.
Жарысқа 14 пен 35 жас аралығындағы әуесқой футболшылар шақырылады. Клуб құрамында ойнайтын немесе кәсіби деңгейдегі ресми жарыстарға қатысатын спортшылар турнирге жіберілмейді.
– Команда жинап, алаңға шығып, өз мінездеріңізді, командалық рухтарыңызды және футболға деген сүйіспеншіліктеріңізді көрсетіңіздер! Бірінші, екінші және үшінші орын алған командалар дипломдармен марапатталады. Жүлдегер командалардың әрбір ойыншысына медаль мен естелік сыйлық табысталады, – деп хабарлады Жастар бастамаларын дамыту орталығында.
Турнир 16 қазанда өтеді. Әр команданың құрамында 5-10 ойыншы болуы керек.
Өтінімдер 14 қазанға дейін Павлодар қаласы, Ломов көшесі, 38-үй, 2-қабат, 211-кабинетте қабылданады.