Павлодарда жас сарбаздар ант қабылдады

Павлодарда жас сарбаздар ант қабылдады
Фото: Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы

Салтанатты шарадан бұрын сарбаздардың ата-аналарына ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөліміне  әскери борышын өтеуге келген 100-ден астам жас сарбаз келді. Олар Отан алдындағы борышын абыроймен атқаратындарын айтып, салтанатты түрде ант берді. Жас сарбаздар енді бір жыл Павлодар қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. 

Салтанатты жиын барысында алыс-жақыннан келген ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті. Аталған кеште Абай, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Астана мен Шымкент қалаларынан шақыртылған  сарбаздардың жақындары болды. Олар балаларының тамақтану және жатын орындарымен танысып, әскери бөлім аумағын аралады. 

Сонымен қатар, әскери бөлім ұйымдастырған заманауи үлгідегі  қару-жарақ пен әскери киім үлгілерінен құрылған  көрмені тамашалады. 

– Жалпы, біз мұндай шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Себебі, ата-аналар тарапынан алаңдаушылық жиі болады. Сондықтан балаларының сенімді жерде екеніне көз жеткізу үшін әскери ант қабылдау алдында осындай шара ұйымдастырамыз. Яғни, бұл тек сөзбен ғана емес, ата-аналары өздері келіп, барлық жағдайды көздерімен көруіне барынша жағдай тудыру, – дейді 5512 әскери бөлім командирі, подполковник  Арман Пернеқұлов. 

Кейіннен ата-аналар жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімінің куәсі болды. Салтанатты шараға әскери  бөлім басшылығы мен ардагерлері, құқық  қорғау  органдарының өкілдері  және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты.