Павлодарда жас жігіттен қауіпті &-PvP синтетикалық психостимулятор тәркіленді
Ұстау кезінде жас жігіттен ақ түсті ұнтақ заты бар 5 бума табылып, тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері арнайы іс-шараларды өткізу кезінде есірткінің ірі партиясын жасырын жерлер арқылы таратты деген күдікпен өңірдің 22 жастағы тұрғынының қылмыстық әрекетін тоқтатты.
– Тәртіп сақшылары интернет арқылы шағын пакеттерге оралған есірткі заттарын сатқан және Павлодар аумағындағы жасырын жерге орналастырған қаскүнемнің жеке басын анықтады. Тұрғылықты жері бойынша күдіктіден есірткі заттары салынған пакеттер, сондай-ақ оларды буып-түюге арналған заттар тәркіленді. Сараптама нәтижелері бойынша ұсталған адамнан жалпы салмағы 1,4 келіден асатын ең қауіпті & - PvP синтетикалық психостимулятор тәркіленді. Бұл аса ірі көлем болып табылады, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Василий Скляр.
Қазіргі уақытта аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 297-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, басқа адамдардың қылмыстық әрекетке қатысы бар-жоғы анықталуда.
– Күдіктіні ұстау үшін көп жұмыс атқару қажет, кейде ол өте ұзаққа созылады. Қызметкерлер адамның есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар екенін дәлелдеу үшін бірқатар іс-шаралар өткізеді, – деді Василий Скляр.
Аталған бап бойынша санкциялармен ең ауыр жаза – мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде жаза көзделген.