Павлодарда жасанды интеллект негізіндегі жаңа жобалар таныстырылды
Бұл цифрлық жобалар қалалық шаруашылықты дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда алғаш рет i-Global компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған Pavlodar Hackathon Fest хакатоны өтті. Іс-шараға қаланың өзекті мәселелерін шешудің инновациялық жолдарын ұсынуға дайын жас әзірлеушілер, бағдарламашылар мен заманауи технологияларға қызығатын азаматтар қатысты.
Атап өтерлігі, хакатон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылға жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып отыр.
Технологиялық байқауға павлодарлықтармен қатар Астана, Алматы, Қостанай және Орал қалаларынан келген жас мамандар қатысты. Олар қалалық қызметтердің тиімділігін арттыруға, үдерістерді автоматтандыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі жобаларын таныстырды.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, мұндай іс-шаралар талантты әзірлеушілерді анықтап, олардың кәсіби әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Павлодарда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында кәсіби деңгейде жұмыс істеп жүрген талантты жастар аз емес. Хакатонды осындай жас мамандарды және осы салада өзін дамытқысы келетін азаматтарды қолдау мақсатында ұйымдастырдық. Жасанды интеллектіні қолдануды кеңінен насихаттап, заманауи технологияларды енгізу және адам факторын барынша азайту маңызды, – деді қала әкімі.
Ұсынылған жобалардың бірі – жасыл желектерді цифрлық есепке алу мен олардың жағдайын бақылауға арналған мобильді қосымша. Әзірлеушілер ағаштардың жай-күйін қадағалап, оларға күтім жасау жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жүйені таныстырды.
Қосымшада пайдаланушыларға арналған бірнеше рөл қарастырылған. Интерактивті картада жасыл желектер көрсетіліп, әр ағаш туралы қажетті мәліметтер қамтылған цифрлық паспорт қалыптастырылады. Сондай-ақ суару жұмыстарымен айналысатын ұйымдарға арналған жеке функция бар. GPS технологиялары арқылы жұмыстардың орындалуын бақылап, арнайы техниканың қозғалысын қадағалауға болады.
Бұдан бөлек, қатысушылар цифрлық сервистердің мүмкіндіктерін, соның ішінде әлеуметтік желілердегі аккаунттармен біріктіру арқылы пайдаланушылармен өзара байланысты автоматтандыру жолдарын да көрсетті.
Қала әкімі ұсынылған бастамаларды одан әрі дамытуға қызығушылық танытып, оларды жергілікті атқарушы органдардың жұмысына енгізу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруды тапсырды.
– Алдағы уақытта осы жобаларды әзірлеушілермен жеке кездесіп, ұсынылған шешімдерді әкімдік жұмысына қалай енгізуге болатынын талқылаймыз, – деді Хасар Хабылбеков.
Шаһар басшысы Pavlodar Hackathon Fest жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, келешегі бар жобаларға тек таныстырылым кезеңінде ғана емес, оларды іс жүзінде жүзеге асыру барысында да қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, қала әкімдігі алдағы уақытта да бастамашыл жастарды қолдауды, IT қауымдастығын дамытуды және цифрлық технологияларды Павлодар тұрғындарының күнделікті өміріне енгізуге мүмкіндік жасауды жалғастырады.