Павлодарда жастардың патриоттық форумы өтті

Павлодарда жастардың патриоттық форумы өтті
ЖИ иллюстрациясы

Іс-шараға құқық қорғау органдарының, білім беру және спорт салаларының өкілдері, мектеп оқушылары, жаттықтырушылар мен құрметті қонақтар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жастар! Бірлік! Болашақ!» атты V мерейтойлық жастар патриоттық форумының басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және жастардың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау.

Шара барысында мектеп спорт федерацияларының жетістіктері де тілге тиек болды. Cпорттың 9 бағыты бойынша жұмыс істейтін федерациялардың облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен тәрбиеленушілері марапатталды. Ал «Үздік спорттық федерация» кубогы жеңіл атлетика бағыты бойынша жұмыс істейтін «Running School» командасына табысталды.

Сондай-ақ полиция департаментінің өкілдері №41 жалпы орта білім беру бейіндік мектебінің «Жас сақшы» полицейлік сыныбының оқушыларын құттықтап, белсенділігі мен жетістіктері үшін құрмет грамоталарын тапсырды.

Полицейлік сынып полиция мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы аясында құрылған. Оның негізгі міндеті – оқушыларды тәртіпке, заңды құрметтеуге, отансүйгіштікке және қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу.

«Жастар! Бірлік! Болашақ!» форумы жастарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, елге қызмет етуге, бірлік пен патриотизмді нығайтуға бағытталған игі дәстүрді жалғастырып келеді.