Павлодарда жауынгерлік аула клубтары жекпе-жек сарайына көшеді

Павлодарда жауынгерлік аула клубтары жекпе-жек сарайына көшеді
Фото: Константин Шелков

800-ден астам жас спортшының алаңсыз жаттығуы үшін  жағдай жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дәуір Ерғабуловтың айтуынша, сарайда олимпиадалық емес жекпе-жек түрлерінің 19 федерациясы орналасады.

– Бізде  жауынгерлік және жекпе-жек өнерімен жертөлелерде айналысатын. Бүгінде сол спортшыларымыз өте жақсы нәтиже көрсетуде. Өткен жылы республикалық және халықаралық турнирлерде 500-ден астам медаль алды. Сондықтан олардың жаттығуы үшін үлкен сарай қажет деп шештік.

Бұдан былай мұнда кикбоксинг, муай-тай, олимпиадалық емес тэквондо каратэ, белбеу күресі, ашихара, жауынгерлік самбо, грэпплинг және басқа да жекпе-жек түрлерін таңдаған жігіттер жаттыға алады.

–  Сіздердің есімдеріңіз бүкіл әлемге әйгілі болсын және сіздерге қарап үлгі алатын ұрпақтың өсуіне тілектеспін!, – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жас спортшыларға.

Сабақтар өткізілетін екі шағын және бір үлкен спорт залы, жаттығу залы, медициналық және оңалту кабинеттері бар.

Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Павлодар облысында 6 мыңнан астам адам жекпе-жекпен айналысады.