Павлодарда жедел жәрдем бригадасына шабуыл жасалды
Көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлеріне ер адам пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 10 маусым күні Назарбаев көшесіндегі №89 үйдің ауласында болған. Сағат 14:57-де жедел жәрдем пультіне көшеде белгісіз ер адамның сұлап жатқаны туралы хабарлама түскен. Шақыртуға шыққан бригада оқиға орнына тоғыз минутта жеткен.
Медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетпек болған кезде ол агрессия танытып, бригада мүшелеріне пышақпен қоқан-лоқы жасаған.
– Белгісіз ер адам жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонына кіріп кеткен. Ол медициналық препараттар салынған ампулаларды сындырып, көліктен медициналық қобдишаны лақтырып, ойран салған, – деді облыстық жедел жәрдем қызметінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. Шабуыл салдарынан зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына арыз жазған.
– Жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық қолдану немесе қорқыту фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Ер адам ұсталып, арнайы емдеу мекемесіне орналастырылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем қызметінде мұндай әрекеттер медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне кедергі келтіретінін атап өтті.