Павлодарда жолдың қарама-қарсы бөлігіне шыққан автобус жүргізушісі жазаланды

Ол жолаушылардың өмірін қатерге тікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданыстағы заңнамада жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін оны көлік құралын басқару құқығынан 6 ай мерзімге айыру түріндегі жаза көзделген. Алайда жүргізуші куәлігінен айырылу қаупі кейбір азаматтарды тоқтатпайды. Қарсы жолаққа шығу салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі орын алып, адамдар зардап шегіп, оқыс оқиға орын алып жатады.
Биылғы жылдың басынан бері осы бұзушылық үшін 144 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Малайсары Батыр көшесінде жедел басқару орталығының бейнекамераларымен төрт жолақты, екі бағытты қозғалысы бар жолда қарсы қозғалыс жолағына шыққан Toyota автокөлігінің жүргізушісі анықталды.
– Тағы бір жағдайда қоғамдық көлік жүргізушісі, яғни өзінің ғана емес, жолаушыларының да өмірі үшін жауапты адам, қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шыққан. Аталған жүргізушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді департаментте.
Полиция департаменті жүргізушілерді тағы да жол қозғалысы ережелерін сақтауға, жолда мұқият болуға шақырады.
«Заң және тәртіп» қағидасы ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар міндетті түрде жауапқа тартылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram