Павлодарда «Ертіс-Баян» ІІ фестиваліне театрлар арасында іріктеу жүріп жатыр

Павлодарда «Ертіс-Баян» ІІ фестиваліне театрлар арасында іріктеу жүріп жатыр
Фото: Ұйымдастырушылардан

Қатысушылардың нақты тізімі осы айдың соңында белгілі болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ ұлттық музыка-драма театры күзде өтетін «Ертіс-Баян» халықаралық театр фестиваліне дайындықты бастап кетті. Биыл театр режиссері Ерсайын Тәпеновтің 80 жылдығына арналған өнер мерекесі 25–30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.

Әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Аружан Оразованың айтуынша, фестиваль бүгінде кәсіби театрлар арасында өзіндік беделге ие бола бастаған.

Осыдан екі жыл бұрын өткен фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды, биыл да сондай деңгейде өтеді деген сенімдеміз. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен үлкен қызығушылық байқалып отыр. Қазіргі таңда қатысуға 30-ға жуық театр өтінім берген. Енді арнайы қабылдау алқасы олардың жұмыстарын саралап, фестиваль бағдарламасына енетін 10 театрды анықтайды. Қатысушылардың нақты тізімі жарияланғаннан кейін арнайы репертуар бекітіледі, – деді бөлім меңгерушісі.

«Ертіс-Баян» ІІ фестивалі дәстүрлі түрде екі жыл сайын өткізіледі. 2024 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған фестивальге Қазақстанның әр өңірінен 11 театр қатысып, бірнеше үздік қойылым көрермен назарына ұсынылған болатын. Сол жолы Жастар театры бас жүлдені иеленсе, павлодарлық театр ұжымы облыс әкімінің арнайы жүлдесіне лайық деп танылған.

Театр әртісі Бауыржан Маматбекұлы алғашқы фестивальдің шығармашылық ұжым үшін маңызды тәжірибе болғанын айтады.

«Ертіс-Баян» ІІ фестивалі алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Біз де оған қатысып, Уильям Шекспирдің «Ричард III» спектаклін сахналадық. Нәтижесінде, облыс әкімінің арнайы жүлдесіне ие болдық. Бұл қойылым фестиваль талаптарына толық сәйкес келетін, театрдың ең үздік спектакльдерінің бірі ретінде таңдалды, – деді актер.

Ұйымдастырушылар бұл мәдени шара еліміздің әр өңіріндегі театрлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтып, жаңа режиссерлік ізденістер мен үздік қойылымдарды бір алаңға жинайтын маңызды алаңға айналады деп күтеді.