Павлодарда қымбат көлікті өртегендер сотталды
Бұрынғы некелік қатынас пен өшпенділік екі азаматты ауыр қылмысқа итермеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша Н. және Б.-ға қатысты іс қаралды. Тергеу анықтағандай, сотталушы Н. өзінің бұрынғы жары З.-ға тиесілі «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігін өртеп жіберуді ұйымдастырған. Өзінің қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін ол туысы Б.-ны ақшалай сыйақы бермек болып іске тартқан.
Оқиға 2024 жылғы 4 тамызда орын алды.
– Алдын ала келісім бойынша, Б. жанар-жағармай бекетінен бензин сатып алып, түнгі сағат 2:20 шамасында жәбірленушінің үйінің ауласына келген. Тұрақта тұрған қымбат көліктің капотына бензин құйып, от қойған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, жол талғамайтын көлікті қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 24 873 230 теңгені құрады, бұл заң бойынша аса ірі залал деп танылады, – деді қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың баспасөз қызметі.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды кінәлі деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап бұл ұстанымды толық қолдады. Ал сотталушылар болса, өз кінәларын мойындамай, соттан ақтау үкімін шығаруды талап етті.
Дегенмен, сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбалармен, өрт-техникалық және автотауартану сараптамаларының нәтижелерімен толық дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 202-бабы, 3-бөлігі бойынша мұндай әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады және бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Жаза кесу кезінде сот айыпталушылардың асырауында жас балаларының барын жеңілдетуші мән-жай ретінде ескерді. Сот үкімімен ұйымдастырушы Н. алты жыл сегіз айға, ал орындаушы Б. бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушінің материалдық залал мен сот шығындарын өндіру туралы талап арызы толық қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.