Павлодарда үздік сарбаздар марапатталды

Павлодарда үздік сарбаздар марапатталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қалалық 6679 әскери бөлімі 56 жылдық мерей тойын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарлық 6679 әскери бөлімінің мерейтойына орай концерт ұйымдастырылды. Шара барысында ел алдындағы борышын өтеп жатқан үздік сарбаздар марапатталды. 

– Былтыр болған жауынгерлік жарыстың қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан бөлімдері арасында сотталғандардың түзеу мекемелерін бақылау және  күзету жөніндегі әскери бөлімдер арасында бірінші орынға ие болды.6679 бөлімі республикамыздағы алдыңғы қатарлы әскер болып табылады.Біздің сарбаздар оларға жүктелген міндеттерді абыроймен және намыспен орындайды, – деді 6679 әскери бөлімінің командирі подполковник Аманжол Әйтенов.

Бұл мекемеде әскери борышын өтеп жатқан сарбаздардың бірі Абылай Асхатов  әрбір ер азаматты еліне қызмет етіп, берілген антына адал болуға шақырады. 

– Өзім негізі Семей қаласының тумасымын, осында әскери борышымды өтеп жатқаныма 38 күн болды, уақыт деген енді басталды. Бұл Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы ғой. Әрбір жігіт борышын өтеуге міндетті.Ақырындап үйреніп келе жатырмыз, түк қиындығы жоқ, – дейді қатардағы Абылай Асхатов.

Ел алдындағы міндетін мінсіз атқарып,алдына қойылған міндеттерді бұлжытпай орындаған сарбаздар грамоталармен марапатталды. 

Айта кетейік, осыдан 56 жыл бұрын кеңес одағы дәуірінде 6679 әскери бөлімі құрылып, осы күнге дейін сарбаздар түзеу мекемелері мен арнайы контингентті бақылау бойынша әскери тапсырмаларды орындап келеді.  Осы жылдар ішінде бұл бөлім көптеген марапатқа ие болып, қазақстандық әскери борышты өтеу мекемелері арасында бірталай үздік атанған. 

Фото:«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ұсынды