Павлодардың болашақ құтқарушылары кедергілер жолағында өз мүмкіндіктерін көрсетті

Павлодардың болашақ құтқарушылары кедергілер жолағында өз мүмкіндіктерін көрсетті
Фото: Константин Шелков

Жарыс басталардан бір ай бұрын барлық командалар үшін білікті жаттықтырушылардың жетекшілігімен оқу-жаттығулар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өрт-құтқару спорты бойынша чемпионатқа 11 мектеп командасы қатысты. Бұл 10-нан 16 жасқа дейінгі 70-тен астам жас спортшының басын қосты.

Өңірлік ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Дамир Әбілқайыровтың айтуынша, жарыс бағдарламасы қатысушылардың жас ерекшеліктері мен халықаралық ережелер талаптарын ескере отырып бейімделген. Жарыс екі кезеңнен тұрды.

– «Екінші қабаттың терезесіне көтерілу» кезеңінде оқушылар орнатылған шабуыл сатысы арқылы тек екінші қабатқа дейін көтерілді. Сатыны өз бетінше орнату қарастырылған жоқ, өйткені қатысушылар кәсіби спортшылар емес, – деп түсіндірді ұйымдастырушы.

Екінші кезең – 100 метрлік кедергілер жолағынан өту. Кедергі ретінде жарақат алу қаупін азайту мақсатында арнайы жеңілдетілген нұсқада жасалған биіктігі 80 сантиметрлік пластик тосқауыл қолданылды.

Одан кейін қатысушылар қозғалыс үйлесімділігін дамытатын ұзындығы сегіз метрлік бумнан өтіп, үш тармақты айырғышқа жүгіріп барып, өрт сөндіру жеңдерін қосып, оларды өрт сөндіру оқпанына жалғады. Спортшы толық жиналған желімен және жалғанған оқпанмен мәреге жетуі тиіс болды. Жалпы жарыс шамамен үш сағатқа созылды.

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, жаттығу кезеңінде №12 орта мектептің оқушылары жақсы дайындық көрсетті. Бұл мектеп өткен жылы да чемпион атанған болатын. Сол кезде жүлделі орындарды №30 және №3 мектептер иеленген.

Биылғы чемпионаттың жеке және командалық есептегі жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталады. Барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін Алғыс хаттар табысталады.

– Чемпионат екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Ол жастар арасында өрт-құтқару спортына және құтқарушы мамандығына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған, – деді ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары.

Өрт сөндіру ісін насихаттау туралы айтқанда, жарысқа тек ұлдар ғана емес, қыздардың да қатысқанын атап өткен жөн. Қатысушылардың бірі – №43 орта мектептің оқушысы София Сасина – бұл жарыс өзі үшін маңызды тәжірибе әрі болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға жасалған қадам болғанын айтты.

– Мен тоғыз жасымнан бері жеңіл атлетикамен айналысамын және спорттағы жолымды жалғастырамын деп ойлаймын. Таңдауым полиция қызметкері мен өрт сөндіруші арасында болды – мен соңғысын таңдадым, – деді ол. – Ең бастысы – біреуге өзіңді дәлелдеу немесе «керемет» болу емес, адамдардың өмірін құтқару маңызды.

Дамир Абылқайыровтың айтуынша, Қазақстанда әйел өрт сөндірушілер болмаған, алайда көрші елдерде әйелдердің өрт сөндіруші болып жұмыс істеген жағдайлары белгілі.

Сонымен қатар орталық басшысы ТЖМ жүйесінде міндетті түрде өрт сөндіруші лауазымын атқару шарт емес екенін еске салды. Жүйе түрлі мамандықтар мен қызмет бағыттарының кең ауқымын қамтиды. Әйелдер де әртүрлі бөлімшелерде табысты еңбек етуде.

Таңдалған мамандыққа қарамастан, төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеу үшін қызметкерлерге жақсы дене дайындығы қажет. Себебі бұл сала төзімділікті, жауапкершілікті және күрделі жағдайларда әрекет етуге дайын болуды талап етеді.