Павлодардың жасыл желегі ерекше бақылауда

Павлодардың жасыл желегі ерекше бақылауда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Гүлзарлар күн сайын суарылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің мәлімдеуінше, Павлодарда аптап ыстыққа байланысты қаланың жасыл желегін суару жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде.

— Күн сайын қала көшелеріндегі жасыл желектерді күтіп-баптауға 40 бірлік арнайы техника жұмылдырылып отыр. Мамандар ағаштар мен бұталарды аптасына 3–4 рет суарып, олардың қурап қалуына жол бермеуге және табиғи сәнін сақтауға күш салуда, - деді қала әкімі.

Шаһар басшысы қаланың гүлзарларына ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. 

— Біржылдық гүлдерді суару жұмыстары күн сайын жүргізіліп, оған 10 бірлік техника тартылған. Соның арқасында гүлдер аптап ыстыққа төтеп беріп, павлодарлықтарды өзінің әсем көркімен қуантуды жалғастыруда, - деді ол.

Хасар Хабылбеков жасыл желек – қаланың көркі ғана емес, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыратын маңызды экожүйе екенін тілге тиек етті. Сондықтан оларды уақтылы суарып, сапалы күтім жасау Павлодардың көркем келбетін сақтап, экологиялық ахуалын жақсартуға қызмет ететініне сенім білдірді.