Павлодарлық іздеушілер балаларға соғыстың шынайы тарихын жеткізді

Павлодарлық іздеушілер балаларға соғыстың шынайы тарихын жеткізді
Фото: Александр Шитов

Іс-шара барысында 2025 жылы өткен халықаралық экспедициялар туралы арнайы таныстырылым ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу жасағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау өңірлік орталығының тәрбиеленушілеріне арналған мазмұнды ерлік сабағын өткізді.

Кездесудің спикерлері – жасақ командирі Александр Шитов пен іздеуші Болат Мұқышев. Олар оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі, Отан алдындағы борышы, сондай-ақ іздестіру жұмыстарының қыр-сыры туралы кеңінен әңгімеледі. Балалар ұсынылған ақпаратты зор қызығушылықпен тыңдап, белсенділік танытты.

Іс-шара барысында 2025 жылы өткен халықаралық экспедициялар туралы арнайы таныстырылым ұсынылды. Соның ішінде Беларусь Республикасының Могилёв облысы Быхов ауданында жүргізілген іздестіру жұмыстары ерекше назар аудартты. Бұл өңірде 1941 жылғы ауыр шайқастар өткен. Іздеушілер «Быховский рубеж» тобымен бірлесіп, қаза тапқан қызыләскерлерді анықтау жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, жауынгер Рахман Жайбосеновтың қабіріне туған жердің топырағын салу рәсімі, Кеңес Одағының Батыры Михаил Катаевтың ерлікке толы өмір жолы туралы айтылды. Батырдың құрметіне ескерткіш ашылып, білім ордасына есімі берілгені де тілге тиек етілді.

– Тағы бір әсерлі бағыт – Ресейдегі Шумшу аралында өткен «Куриль десантының ізімен» экспедициясы болды. Қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңдеріне қатысты тың деректермен танысты. Сақталған әскери техникалар, соның ішінде жапон танктері мен бекініс зеңбіректері, сондай-ақ соғыс іздері сақталған аумақтар туралы мәліметтер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды, – дейді Александр Шитов.

Кездесу барысында оқушылар сұрақтарын қойып, әскери фотомұрағаттар мен жәдігерлерді мұқият қарастырды. Кейбір жасөспірімдер болашақта іздестіру экспедицияларына қатысуға ниет білдірді.

Айта кету керек, кәмелетке толмағандардың мұндай экспедицияларға қатысуы арнайы қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Мамандардың пікірінше, осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, тарихи жадыны сақтауға деген жауапкершілікті күшейтеді.