Павлодарлық әлеуметтік кәсіпкер: Мен өз балама таба алмаған көмекті өзгелерге ұсындым
«Шаңырақ» балалар түзету орталығы бірегей үш сағаттық арнайы интенсивті бағдарламамен жұмыс жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық басшысы Зарина Мақажанова әлеуметтік бағытты кездейсоқ таңдамағанын айтады. Оның баласында дамуында кідіріс байқалғаннан кейін, 2021 жылы ол бала 1 жас 4 ай болған кезде, анасы Павлодар қаласында балаларға кешенді түрде көмек көрсететін орталық іздей бастаған. Алайда мұндай форматтағы орталық табылмаған. Сол себепті баланы әртүрлі мамандарға жеке-жеке апаруға тура келген, бұл уақыт жағынан да, қаржылай да, күш жағынан да қиындық тудырған.

Осы жағдайдан кейін ол қажетті әдістемелерді өзі үйренуге кірісіп, түрлі бағыттар бойынша оқудан өткен, мамандардан бағдарламалар сатып алып, оларды тәжірибеде қолданған. Алғашқы болып осы кешенді жүйеден толық өткен бала оның өз ұлы болған. Нәтижені көргеннен кейін, мұндай қолдау басқа отбасыларға да қажет екенін түсініп, жеке орталық ашу туралы шешім қабылдаған.
– Осылайша Павлодарда «Шаңырақ» балалар түзету орталығы жұмысын бастады. Орталық психо-сөйлеу дамуы тежелген, сөйлеуінде ерекшелігі бар, аутизм спектрі бұзылысы бар, сондай-ақ көру қабілеті шектеулі балалармен жұмыс істейді. Мұнда негізгі мақсат сөйлеуді тікелей қою емес, баланың сөйлеуді түсіну қабілетін дамыту, сенсорлық жүйесін, зейінін, қабылдауын және дене координациясын қалыптастыру болып табылады, – дейді Зарина Мақажанова.

Орталықтың басты ерекшелігі – кешенді тәсіл. Яғни бір бағдарлама аясында адаптивті дене тәрбиесі, дефектолог жұмысы және музыкалық терапия біріктірілген. Осы бағыттардың негізінде үш сағаттық арнайы интенсивті бағдарлама жасалған. Бағдарлама әр балаға жеке құрылады және оның даму ерекшеліктеріне бейімделеді. Зарина Мақажанова құрастырған бұл жүйенің Павлодар қаласында баламасы жоқ деп айтуға болады.
– Әрбір балаға жеке жоспар жасалады. Алдымен мамандар баланың анамнезін жинап, даму деңгейін анықтайды, содан кейін жеке бағдарлама құрастырады. Нақты емдеу мерзімі белгіленбейді, себебі әр баланың даму қарқыны әртүрлі, – дейді ол. – «Шанырак» орталығының негізгі мақсаты – әр баланың әлеуетін ашу, оның қоршаған ортаны түсінуіне және қоғаммен еркін қарым-қатынас жасауына жағдай жасау.

Орталық ашылған уақыттан бері шамамен 50 бала оқудан өткен. Қажетті нәтижеге жеткеннен кейін кейбір балалар әрі қарай логопедтермен немесе басқа мамандармен жұмысын жалғастырады. Қазіргі таңда орталыққа 1,5 жастан 7 жасқа дейінгі 12 бала тұрақты түрде қатысып жүр.
– Сабақтар үш сағаттық интенсив форматта өтеді. Бұл уақыт ішінде бала үш түрлі бағыт бойынша 45 минуттан жұмыс істейді, ал арасында 15 минуттық демалыс қарастырылған. Осы үзілістерде балалар тынығып, тамақтанып, келесі сабаққа дайындалады. Сабаққа қатысу жиілігін ата-аналар өздері таңдайды – аптасына екі-үш немесе бес рет, – дейді орталық басшысы.

Мекемеде алты маман жұмыс істейді. Олардың қатарында адаптивті дене тәрбиесі мамандары, дефектологтар және музыкалық педагог бар. Барлық қызметкерлер жұмысқа қабылданар алдында арнайы оқытудан өтеді. Мамандардың жұмыс уақыты да шектелген, себебі бұл сала үлкен эмоционалдық және физикалық жүктемені талап етеді.
2025 жылы Зарина Макажанова әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік грант байқауына қатысып, бес миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған. Бұл қаражаттың есебінен екі АФК кабинеті толық жабдықталып, сенсорлық және қозғалысқа арналған арнайы құрылғылар алынған, бейнебақылау жүйесі орнатылған, бөлмелер жөнделген және екі педагогқа қосымша жұмыс орны ашылған.

Орталықта ата-аналар үшін ашықтық қағидасы сақталған, барлық кабинеттерде бейнебақылау орнатылған. Тек ерекше жағдайларда ғана жазбалар қаралады.
Зарина Макажанова үшін бұл жоба жай ғана бизнес емес, өз баласы үшін іздеп таппаған көмекті басқа ата-аналарға қолжетімді етуге бағытталған әлеуметтік бастама болып табылады.