Павлодарлық өзге ұлт өкілі республикалық сайыстың жүлдегері атанды
Ол бұған дейін де түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы араға 5 жыл салып қайтадан көш керуеніне ілесті. Бұл додада өңір намысын Зарина Эргашбекова қорғады. Ол Успен ауданы Константинов ЖОББМ 8-сынып оқушысы. Заринаның жетекшісі Азиза Бабақұлованың айтуынша, оқушы қыз ұлты өзбек болғанымен, қазақ тілін өз тіліндей жетік меңгерген.
-Дайындық барысында қиындықтар болды. Қазақ әдебиеті мен тарихына байланысты көркем шығармаларды оқып, талдау жасадық. Оқушым "Ел болам десең, бесігіңді түзе" тақырыбы аясында қазақ қоғамындағы қыз тәрбиесі, ұлы тұлғалардың кемелденуіне әсер еткен ана-әжелер бейнесін кеңінен дәріптеп, сөз өрбітті. «Әрбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» демекші, мен де өз шәкірттерімді жетістік жолына жетелеуден танбаймын. Жетістіктің бастапқы қадамы - жігерлендіру, - дейді ол.
Республикалық кезеңде еліміздің барлық аймағынан келген 14 бала өзара бақ сынады. Олардың ішінде орыс, татар, ұйғыр, өзбек, түрік тағыда басқа өзге ұлт өкілдерінің қатысушылары болды. Зарина «Сөз шеберлері» бағытында сынға түсіп, ақтық мәреде жүлделі ІІ орынға ие болды.
Жүлдегер бұған дейін республикалық «Балалар оқулары» байқауында кітап оқу номинациясына қатысып, Құрмет грамотасымен марапатталған.