Павлодарлық аддиктолог: Таро карталарымен болжам сұрау тәуелділікке әкелуі мүмкін

Павлодарлық аддиктолог: Таро карталарымен болжам сұрау тәуелділікке әкелуі мүмкін
Фото:pixabay.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі бірнеше карта бойынша өмірдегі болжамды сұрап, оның жауаптарына сүйене әрекет жасайтын адамдардың психологиясына үңіліп көрді. 

23 жастағы Самал алғаш рет таро карталарға университетке дейін жоламаған. Алайда айналасындағы құрбыларынан болжау туралы естіп, бойжеткеннің қызығушылығы оянған.

– Құрбыларды жігіттерге қатысты сұрақтар толғандыратын. Алғаш рет тарологқа жүгінген кезде мен де дәл осындай сауал қойдым. Бұл тек қызығушылықтан туған ой еді. Алайда уақыт өте келе тарологтардан болжам жасап беруді жиі сұрай бастадым, – деді Самал.

Бір мезетте ол өмірде не істеу керек екенін білмей қалған сәттерде таро карталарына әуестене бастаған. 

– Менің сұрақтарым негізінен қарым-қатынас туралы болды. Біртіндеп мансап, қаржы жайлы сұрай бастадым. Қанағаттандыратын жауапты алғаннан кейін уақытша тыныштанып, қолдауды сезінгендей болдым. Өз әрекеттерімді дұрыс жасадым деген сөзді есту үшін тағы да карталарға жүгінгім келді, – деді Самал.

Бойжеткеннің сөзінше, тарологтың болжамы орындалмай, көңілден шықпаса, тарологпен чатты жойып, хат алмасуды тоқтататын. 

– Оның айтқандарымен келіспеген кездері, болжамдарына сенбей, сөздерін тезірек ұмытып, жіберуге тырыстым. Ал, көңіл күйімді жабырқататын жауаптарға нанып, сенген кездер де болған. Бұл өз-өзіңді көндіргенмен бірдей. Мен оқиғалардың барлық нәтижелері тек біздің әрекеттеріміз бен күш жігерімізге байланысты екенін аңғарып, қабылдадым. Сондықтан тарологтарға жүгінуден бас тарттым, – деді Самал.

Практик психолог, аддиктолог, денеге бағытталған терапияның психолог-практигі, педагогика ғылымдарының магистрі Әсемгүл Сәдуақасова өмірдегі барлық белгісіз, құпия ақпаратты білу үшін таро болжамды сұрау тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін айтады.

– Адамдар әртүрлі себептермен таро карталарына жүгінеді. Өз болашағын білу, сұрақтарға жауап беру үшін мистикалық мақсатта тарологтарға жазады. Адам жауапкершілікті басқа нәрсеге жүктеген кезде, бұл күйзелісті түсіріп, ішіңдегі эмоцияны босатады. Әр адамда сенім болады. Егер де таро таратылым жақсы болса, бұл – өмірдің жеңіл, одан да керемет болуы мүмкін деген сөз. Осындай мақсатпен адамдар тарологтарға барады, – деді психолог. 

Оның айтуынша, кейбіреулері рефлексия жағынан таро карталарынмен болжам жасауды сұрайды.

– Мысалы, қандай да мәселені басқа қырынан байқап көру мақсатында тароға жүгінеді. Бұл әрине адамның санасы мен ойлау қабілеттерінің қаншалықты дамығанына байланысты болады. Егер инфантилизм болса, сиқырға деген ұмтылыс та болуы мүмкін. Онда, әрине, адам оны іздей бастайды. Алайда бұл жағдайда проблемаларын шешу үшін адамның өз күші жетіспейді, – деді Әсемгүл Сәдуақасова.

Психолог таромен болжам жасау қызметінде өте қауіпті құбылысты көрмейді. Десе де, асыра сиқырға үңіліп кету жақсылыққа апармайтынына сенімді. 

– Егер адам артық кетіп, әуестеніп, тәуелді болса, онда бұл жақсыдан жаманы көп болар. Мұндай жағдайлар адам мазасызданған кезде байқалады. Өмірінің маңызды сәттеріндегі барлық әрекеттері тарологтың сөздерінсіз жүрмейді. Ол өзі шешім қабылдай алмайды. Бұл – психологиялық тәуелділіктің белгісі, – деді аддиктолог.

Оның сөзінше, тароға болжамды сұрайтын адамдардың орташа жасы – 25-тен 60 жасқа дейін. Негізінде әйелдер тарологтарға жүгінуге бейім болады, десе де бүгінде бұл қызметке ер адамдар да жүгінеді.