Павлодарлық дәрігерлер жүрек ауруларымен күресте үздіктер сапынан көрінді

Павлодарлық дәрігерлер жүрек ауруларымен күресте үздіктер сапынан көрінді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Түркістанда өткен кардиологтар конгресінде өңір мамандары жоғары кәсібилігі үшін марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елімізде өткен Созылмалы жүрек жетіспеушілігі апталығы аясында Павлодар облысы жоғары нәтижелерімен көзге түсіп, үздік үштікке енді. Іс-шараның мақсаты – халықтың жүрек-қан тамырлары аурулары туралы хабардарлығын арттыру, СЖЖ белгілері, диагностикасы, алдын алу және емдеу жолдарын түсіндіру болды.

Жүргізілген жұмыстың қорытындылары Түркістан қаласында өткен Қазақстан кардиологтарының XVII конгресінде жарияланып, Павлодар облысының медициналық ұйымдары «Жоғары кәсібилік пен сенімділік үшін» аталымы бойынша құрметті үшінші орынға ие болды.

Облыстағы СЖЖ кабинеттерінің белсенді жұмысы ерекше атап өтіліп, бірқатар павлодарлық мамандарға алғыс білдірілді. Олардың қатарында облыстық кардиологиялық орталықтың кардиологы Әйгерім Рахимова, осы орталықтың СЖЖ кабинетінің медбикесі Алмагүл Әубакірова, «Almaz Medical Group» ЖШС-нің кардиологы Әйгерім Алтынханова, Шарбақты аудандық ауруханасының кардиологы Әли Оспанов, Тереңкөл аудандық ауруханасының терапеві Лариса Федоткина және Ертіс аудандық ауруханасының кардиологы Вячеслав Пискарев бар.