Павлодарлық дебатёр: «Жастар өз ойын ашық айтуға үйренуі керек»

Павлодарлық дебатёр: «Жастар өз ойын ашық айтуға үйренуі керек»
Фото: Мейіржан Маратов

Ол жас буынға өзінің тәжерибесін үйретуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Әлкей Марғұлан университетінің төртінші курс студенті Мейіржан Маратовтың айтуынша, ол соңғы төрт жылда тек республикалық турнирлерге қатысып қана қоймай, көптеген жас буынға дебат өнерін үйретіп жүр.

– Дебат мен үшін жай ғана хобби емес. Бұл – менің тұлғалық қалыптасуыма жол ашқан мектеп. Осы ортада мен көпшілік алдында еркін сөйлеуді, өз ойымды дәлелдеуді және өзгелердің пікірін құрметтеуді үйрендім, – дейді ол.

Мейіржан Маратов пікірсайысқа бірінші курста келген. Ол университеттің «Ақиқат» дебат клубының жұмысымен танысып, бірден қызығушылық танытқан. 

Содан бері ол ондаған қалалық, облыстық және республикалық турнирлерге қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. 

– Мен пікірсайыс арқылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен достар таптым. Бүгінде олардың арасында студенттер де, жұмыс істеп жүрген ересектер де бар. Бізді біріктіретін нәрсе – ой мен сөз еркіндігі, – дейді ол.

Кейбіреулер пікірсайысқа тек шешендер ғана қатыса алады деп ойлайды. Алайда Мейіржан Маратов бұл пікірмен келіспейді. 

Оның айтуынша,  дебатқа арнайы талант керек емес. Ең бастысы – ішкі қызығушылық пен үйренуге деген ниет. Ал тәжірибе келе-келе қалыптасады. Тек адамда ізденіс пен өз пікірін білдіруге деген ынта болса жеткілікті. 

Ол университет пен мектептерде дебат мәдениетін дамыту мақсатында студенттер жиі тренингтер мен төрешілік сабақтар өткізеді.

Мейіржан Маратовтың сөзінше, соңғы жылдары дебатқа қызығатын студенттер саны азайып барады. Оның себебі ол жастардың гаджеттерге тәуелділігімен байланыстырады. Кейбірі тіпті жасанды интеллектпен сырласқанды жөн көреді. Мұның салдарынан олар нақты өмірде пікірталасқа түсуге, өз ойын ашық айтуға қиналады.

Сондықтан ол жастарға қарапайым сөйлесу мәдениетін дамыту қажет екенін айтады.

Жас дебатер енді келесі апта Астана қаласында өтетін пікірсайысқа дайындалу үстінде.